Биыл білім беру грантын тағайындау конкурсына 68 мыңнан астам адам қатысты

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - 2013-2014 оқу жылындағы жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 35 053 грантты құрайды, оның ішінде 3 000 грант колледж бітірушілері үшін және 2 480 грант дайындық бөлімдеріне берілді.

Биыл білім беру грантын тағайындау конкурсына 68  мыңнан астам адам қатысты

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің таратқан мәліметтерінде келтірілген.

«Білім беру грантын тағайындау конкурсына 68 742 адам қатысты. Республикалық конкурстық комиссия тамыздың 2-9 аралығында жұмыс жасады. Конкурстың нәтижесі бойынша 32 393 білім беру гранты тағайындалды. Қазіргі уақытта, жоғары оқу орындары грант иегерлерінің, сондай-ақ ақылы негізде оқуға ниет білдіргендердің құжаттарын қабылдауда», - делінген ведомство хабарламасында.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында мемлекеттік тапсырыс бойынша қалған 2 480 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқу үшін қазақ диаспораларының өкілдеріне және шетел азаматтарына тағайындалады.

«Магистратура мен докторантураға 6 959 және 520 орын сәйкесінше бөлінді. Тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында шетел тілі бойынша тестілеу жүргізілді. Тестілеуде барлығы 30 865 адам қатысты, онын ішінде 22 189-ы (75%) сәтті тапсырды. Казіргі таңда мамандық бойынша емтихандар жүргізілуде», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.