Биыл бюджет кірісінің артығымен орындалуы 2016 жылғы қаржыландыруға кепіл болып отыр - Б. Сұлтанов

«Кіріс бөлігіне тоқталатын болсақ, бүгінде республикалық бюджет жүз пайызға орындалды, яғни қазіргі кезде артығымен орындалғанын көріп отырмыз. Бюджеттік кірістің артығымен орындалуының негізгі факторы ретінде еркін бағам режіміне көшуге байланысты теңге бағамындағы өзгерістер ықпал етті. Осы орайда бірінші кезекте корпоративті табыс салығы, қосылған құн салығы бойынша асыра орындалуын, сондай-ақ экспорттық кедендік баж салығы тұрғысында тиісті көрсеткіштерді байқап отырмыз»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл көрсеткіштер алдағы жылдың басындағы қаржыландыруға жақсы кепіл болуда.
Сонымен қатар министр жыл бойында жергілікті бюджеттердің де кіріс бөлігі артығымен орындалғанын атап өтті. Бұған мемлекеттің, Үкіметтің экономикалық саясаты ықпал етті. Бұл тұрғыда «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы» секілді маңызды жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру әсер етті. Бұлардың барлығы жұмыс орындарын сақтаумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттің табысына тікелей әсер етеді.