Биыл Целиноградтағы «Неміс автономиясы» оқиғасына 30 жыл толды

Астана. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - 1979 жылғы маусымның 19-ы күні Целиноград қаласында өткен «Неміс автономиясының құрылуына қарсылық» атты маусым оқиғасына биыл 30 жыл толды. Бұл қазақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Орынсыз шешім қазақ халқының наразылығын тудырды.
None
None

Сол тұста КСРО бойынша шамамен 2 миллион неміс болған. Соның 1 миллионнан астамы Қазақстанда тұрған. Орталықтың қазақ жерінің дәл ортасынан неміс автономиясын құру туралы шешім шығаруына негізгі себептің бірі осы. Арнайы құрылған жұмыс тобына КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Ю.В.Андропов басшылық етті. Автономияның орталығы ретінде таңдап алынған Ақмола облысы Ерейментау қаласына ҚазССР Компартиясының екінші хатшысы А.Коркин бастаған делегация келіп: «Мына жерге неміс автономиясы орнайды, оған басшы болып Краснознамен ауданының бірінші хатшысы Андрей Браун сайланады» деп мәлімдеме жасайды. Осы шешімге қарсы толқу мамырдың 19-інен басталы. Маусымның 16-сында Ленин атындағы алаңға 2,5 мыңдай халық жиналып, қарсылық митингісін өткізді. Облыс, қала басшылары мұндай оқиға болады деп күтпеген болуы керек. Әсіресе, жастар жағы қатты ширыққаннын білдірді. Алаңға облыстың екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров келіп, жиналған көпшілікке басу айтты. Ол кісінің сөзіне қанағаттанбаған шерушілер бүкілхалықтық шеру болатынын мәлімдеді. Маусым оқиғасы туралы еңбек ардагері, 1955 жылдан бастап партия-кеңес қызметінің бел ортасында жүрген Зейнолла Шайдаров ақсақалдың өзі былай деп еске алады.

«Ол кезде Целиноград облыстық партия ұйымының II-хатшысы едім. Қарамағымда ауыр өнеркәсiп және сауда саласы, прокуратура мен iшкi iстер саласына басшылық ететінмін. ... Целиноградтың даңқы шығып, Мәскеу назар тiге бастады. Ара-тұра осы өлкеге қатысты, қазақтың мүддесiне қарсы жоспарлары барын естимiз. Орталық комитетте немiс автономиялық облысын құру туралы жасырын қаулы дайындалғанын білдік. Құпия әңгiме бiзге, Целиноград облыстық комитетiне жетiп, өз арамызда, ел арасында әртүрлi сөз шыға бастады. Iшкi жағымыз «бекер шығар» сенбегенiмен, күн сайын жетiп жатқан астыртын сөздерге қарасақ, күдiгiмiздiң расқа айналатын түрi бар. Ел iшi толқулы. Гу-гу сөз. Жастар ашулы, үлкендер қату. «Қазақстан бiртұтас, бөлiнбейдi!» деген сияқты орысша ұрандар жазылған әртүрлi үнпарақтар таратылды. Сол кезде кинотеатрда фашистердiң қатiгездiгiн баяндайтын Американың «Белгiсiз соғыс» деген кинофильмi көрсетiлген. Ақыры, мамыр айында Мәскеуден келген бiр топ министр обкомда жиналыс өткiзiп, «Автономиялық облыс ашылады. Орталығы Ерейментау болмақ. Оған Целиноград, Павлодар, Көкшетаудың аудандары кiредi. Жаңа құрылыс нысандарын белгiлеп, шаруа бастаймыз» деп Ерейментауға суыт аттанып кеттi. «Андрей Браун I-хатшы болады» деген сөз шықты. Толқып тұрған көпшiлiк бұдан әрiге шыдамады. Қалада кәсiптiк-техникалық училищесi күнi деген болатын. Сол күн демалысқа сай келiп, жастар алаңға шықты. Арасында орысы да бар, негiзiнен қазақ жастары, Ауыл шаруашылығы институты мен медицина институтының студенттерi жиналды. Бiз, облыс басшылары орталарына барып басу айтуға тиiс болдық. Қоғамдық тәртiптi қадағалау менiң құзырымда. Әрi жастардың жаманатқа арандап қалмауын ойладым. «Айналайындар, амандық керек. Бүлiншiлiк деген жаман нәрсе» дегендi аузымызбен айтқанымызбен өзiмiздiң де жүрегiмiз қан жылап тұр. Жасыратын не бар, ол кезде партияның айтқанына жүретiн кезiмiз, әлдене деп айтуға тiл қысқа. Обалы керек, жастар сабырлылық танытты. Ешбiр артық әрекеттер жасаған жоқ. Алдарына шыққан обкомның I-хатшысы Николай Морозовтың «Бұндай сөз ресми түрде жарияланған жоқ, радио-теледидарда айтылған жоқ, қайдан шығардыңдар? Ешқандай автономия болмайдысына» жастар сенбей: «Олай болса, сiздер бұны растап газетке берiңiздер» деп талап еттi. «Неге беремiз? Мұндай қаулы болған жоқ. Бұл жай сөз» дедi. Сонда да 3-4 қыз-жiгiт шығып: «Автономия ашқызбаймыз. 1942 жылғы соғыстың залалы шарпымаған совет семьясы жоқ. Осыдан кейiн бiз қалай автономия беремiз, қайтiп жер бөлiп беремiз?» деп сөйледi. Қазақ жастарының өрлiгi мен табандылығы демiнен жалын атып тұрған Мәскеудiң Орталық Комитетiнiң райынан қайтарды. «Мен жанбасам, лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса, лапылап, аспан қалай ашылмақ?!» деген ұранмен қанаты қатайған, от пен суды, ықты-жарды білмейтін студенттер бас болып, барлық шараның басы-қасында жүрді.

Өлкетанушы Майра Керейбаева маусым оқиғасының ортасында жүрген жан. Майра сол кездегі жағдай туарлы былай деп әңгімелейді. - Ол кезде Целинглавснаб аймақтық басқармасының есептеу техникалық енгіздіру бөлімінде аға инженер болып қызмет атқаратынмын. Бұл мекеме солтүстік аймақтағы алты облысты қамтитын үлкен құрылым еді. Тек Есептеу орталығының өзінде 100 астам жоғары білімді жас инженер қазақ кадрлары жұмыс істеді. Көбі математика мен электрониканы толық игерген, білімді қыз-жігіттер болатын. Сонымен, маусымның 14-і күні С.Сейфулин атындағы Целиноград пединститутының физика факультетінің студенті Бархыт Нәкенова дейтін студент қыз қасында екі досы бар, құрбысының үйіне «Бізге көмектесетін жоғары білімді, ұлттың тағдырына жаны ашитын, ақылды интеллигенция керек. Қазақстан жеріне «Неміс автономиясын құру туралы» заңсыз шешім шығып жатыр, біз оны мүлде болдырмауға атсалысуымыз керек» деді. Онымен қоса ұстаздары ұлтжанды азамат Баянбай Хұсайыновтың сәлемін жеткізді. Қолдарында екі тілде жазылған үнпарақтар бар екен. Осыларды тезірек көбейтіп, тарату керек екенін айтты. Құрбылар мәселенің оңай еместігін сезінді. Бірақ, үлкендердің ақылына жүгінуді теріс көрген жоқ. Майра шұғыл түрде қаладан 18 шақырым жердегі туған үйіне бет алды. Студенттер шығарып салды. Әкесі: «бағыттарың дұрыс, сендерді қолдаймын» деді. Кетерімде, қарашаңырақ иесі Мұқат ағама: «қарындасыңды Кировқа дейін шығарып сал, жұмыстарын жүргізсін... қазақтың жерін талапайға түсіріп жүрген кімдер... жол бермеу керек!» дегенді қайталап айтты. Үйге келген соң үнпарақтарды көшіріп, көбейтіп алып, бірнешеуін жұмысқа алып барды. Тікелей бастығым Болат Ғаниұлы Әжібаевқа мән жайды түсіндірді. Ол кісі құптаған сыңай танытып: «байқа, сені күзде Алматыға Халық шаруашылығы институтының арнаулы экономикалық жоспарлау мен перспективалық болжам факультетінде бір жылдық оқуға жібергелі отырғанымызды ұмытпа, үлкен басшылар біліп қойса, саған қиын болып жүрер, сақ бол!» деп ескерттті. Осылай іске кірісті. Басшылыққа болып жатқан оқиғаларды, не істеп жүргенімізді хабарлап отырды. Жұртты алаңға шығуға шақырған үнпарақтарды қазақтар тығыз қоныстанған жерлерге таратып, өздері жақсы білетін адамдардың қалалық телефон анықтамалықтарындағы мекен-жайы бойынша есіктеріне жапсырып, кейбіреулерін пошта жәшіктеріне салды. Әрі қазақ және орыс тілдерінде «Қазақстан - біртұтас байтақ ел», «Қазақстан бөлінбейді», «Қазақ жерінде неміс автономиялық облысы болмасын», «Советский народ в Казахстане будет жить без внутренних границ» т.б. транспоранттар мен ұрандар дайындады. Шеруге қатысушылар 19 маусым күні қайта алаңға шықты. Бұл жолы 6 мыңға жуық халық қатысты. Оның құрамында барлық топтың адамдары болды. Көбі студент жастар, еңбек ардагерлері, жұмысшылар, интеллигенция өкілдері, көрші Ерейментау, Сілеті, Целиноград, Атбасар, Қорғалжын аудандары мен Павлодар, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан ұйымдасқан түрде адамдар келді. Олардың ішінде басқа ұлт өкілдері: орыс, украин, татар, немістердің өздері де көп болды. Павлодар облысы мен Ерейментаудан келген шерушілер Қазақстан тарихының 5 томдығы мен Абайдың кітабын кеуделеріне басып жүрді. Мұхан Шаменов деген ақмолалық қарт қолына Қазақ ССР-нің Конституциясын ұстап тұрып, алаңның ортасындағы Ленин ескерткішінің алдына келіп: «Мен 40 жылдан бері КПСС-тің мүшесімін, бұл тасқа басылған заң бұзылмасын ұлы көсем» деп басын иіп жатты. Шеруге шыққан нөпір халық облыстық бюро мүшелерімен қоса обкомының бірінші хатшысы Н. Морозовтың өзін шығартып, талаптарын қайталады. Обкомның бірінші хатшысы АҚШ-КСРО арасында стратегиялық шартына қол қойылғаны туралы қайта-қайта айта берді. Халық шешімнің күшін жоюын талап етіп, тұрып алды.

Осындай арпаласқан күндері ұлты неміс таныс азаматтар Екатерина Поповичева, Эмма апай, әке-шешемнің досы Альберт Кинас, өзімнің туған ағамдай болған азамат Кондрат Вагнер және Киров ауылдық егіс бригадасының механизаторы Иван Нахтигал, Краснознамен ауданының бірінші хатшысы Андрей Браунның келіні Лена Браун, ұлты кәріс Лилия Син, латыш Зинаида Деревянколар бұл шешімге қарсылық көрсетіп, кейбірі өздерімен қоса туғандарын, қызметкер-жұмысшыларын алаңға алып шықты. Сол күндері Кондрат Вагнер аға: «Біздер бұл шешімге қарсымыз, 1941 жылдары қиындықпен жер ауып келгенде қазақтар бауырына басты. Қазаққа қиянат жасауды құдай кешірмейді. Қазақстаннан шаңырақ сұрауға хақымыз жоқ. Егерде орыс халқы шынымен немістерге автономия бергісі келсе олардың тарихи отаны Повольжеден берсін!» деді. Осы азамат 10 жыл бұрын атажұрты Германияға қоныс аударып кетті. Кетерінде төрінде тұрған әсем фортепианасын Майраның отбасына сыйлады. Отыз жыл бұрынғы Ақмола оқиғасының еш ушықпай қазақ халкының пайдасына шешілгені немістермен қатар басқа халықтардың да халқымызға дем бергенінің арқасы. Бір жылдан кейін 1980 жылы Ақмола қаласының 150 жылдығы аталып өтілді. Осы сәтті пайдаланып, өз басым барлық жерлестеріме, соның ішінде құрдасым Наталья Геллертке бір жыл бұрынғы оқиға кезінде қолдағандары үшін мінберге шығып рахмет айттым. - Ақыры, бүкіл халықтық наразылықтың нәтижесінде КОКП ОК бюросы өз шешімін өзгертуіне тура келді. Осылай Акмола облысында Неміс автономиясын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды, - деп әңгімесін тәмамадады Майра.

Ақмолалық майдангер-жазушы Әскен Нәбиев көрешегі көп Арқа жері жайында мынандай естелік айтады: -...Ана тiлi ұйыған, ата салты бұзылмаған, әнi мен сәнi кемел ел едiк. Алуан шөптiң исiне елтiген атты кiсi ауып қалатын атақоныстың төрiнде переселен ойнап, адамдарды да, ауылды да алақұйын еттi. Ақ патшаға солдат алды, ақ пен қызылдан аман қалғанда, туырлықты турап, желiнi қиған кәмпеске келдi. Аузымыздан ақ кетпеген, қызылсырап көрмеген, бұл қазаққа атасы кәсiп етпеген астықтан салық салып, сансыратты. Аштан өлгенге кебiн табылмай, аналарымыздың ақ жаулығына орап көмгендi көз көрдi. Бүгін елорда болып, кемеліне келе жатқан Астана, кешегі Ақмоланың басынан не өтпеді? Қазақтың қыстау, көктеу, жайлау, күздеу дегенiнен хабары жоқ Хрущев 1954 жылы «қазақтың жерi бос жатыр, барыңдар» деп, ойдан-қырдан, оның iшiнде қашқан-пысқандардан оңай құтылып, Арқаға айдап салды. Бәрiнен де осысы қатты батты. Намыс жыртқаннан жер жыртқан басым түсiп, өктемдiк жасады. Қазақша сөйлегеннiң тiлiн, тiлiмен бiрге рухын алды. Малдың өрiсi, жанның саны кемiдi. «Жыласаң, тағы ұрамын!» дегендей, көзiне қамшы көп тиген жасқаншақ аттан әрi болдық. Өзiм журналиспiн, заманның желiмен «тың игеруге» келгендердiң аяқ-қолын жерге тигiзбей мақтап, талай мақала жаздым. «Жеткен жерiмiз осы шығар, қамыт киген бас ендi босамас» деп, айтқанға көне бердiк... Бiрақ, еттен өтсе де, сүйекке жетпеген екен, жiлiншiгiмiз қираса да, жiлiк майымыз үзiлмеген екен, қазаққа не істесек те көне береді екен деген болуы керек, жетпiс тоғызыншы жылы «орталығы Ерейментау болатын немiс автономиясы құрылады» дегенде тiптi ана тiлiне шорқақ талай қазақтың қаны қайнап шыға келдi, - деді сексен алтыдағы көнекөз. Әскен атаның айтуынша, расында, қазақ жерінде неміс автономиясынг құруға тек қазақ емес, көптеген ұлттың өкілдері де қарсы болған. «Тіпті, естуімізше, Брежнев те сол кездегі ГДР мен ФРГ-ні мегзеп: «Бізге, осы, үшінші Германияның қажеті бар ма?» деген екен... Мына жалғанда ешнәрсе кездейсоқ немесе оқыстан болмайды. Елдің жүрегі саналатын астаналарда халықтың жүрегіне батқан оқиғалар көрініс табады. Кеше астана болған Алматыда - желтоқсан оқиғасы, бүгін елордаға айналған Астанада - 1979 жылғы маусым оқиғасы болды. Екі астана - екі дүрмек, екі дүние - екі қоғам...

Соңғы жаңалықтар