Биыл дәнмаңызы жоғары бидай үлесі айтарлықтай өсті
«Келесі қадам егіннің сандық-сапалық сақталуын қамтамасыз ету болып саналады. Тұтастай алғанда, республикада қолда бар қоймалар, өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, болжамды түсімді сақтау үшін жеткілікті. Республикада жалпы астық сақтау сыйымдылығы 29,3 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,4 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 16,9 млн тоннаны құрайды. Сонымен қатар, әкімдіктер жаңа түсімді элеваторлардың уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізіп, астықтың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет», - деді Ербол Қарашөкеев.
Оның дерегінше, жаңа түсімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 1,9 млн тонна астық, оның ішінде 1,67 млн тонна бидай, 163,9 мың тонна арпа, 56,4 мың тонна өзге де дақылдар сұлы, тары, қарақұмық, күріш келіп түсті. Жаңа түсім астығының сапалық көрсеткіштері жоғары.
«Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына өткізілген жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 91 пайыз 1-3 сыныптарға жатқызылды. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8 пайызды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 сыныпты және сыныпсыз бидай үлесі 2020 жылғы 16,2 пайыздан биыл 9 пайызға дейін төмендеді», - деді министр.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түсетін астықтың сапасы туралы деректерге сәйкес, құрамында дәнмаңызы жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өскені байқалады.
«Мәселен, 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие дәнмаңызы 28 пайыз және одан жоғары болатын жоғары сапалы HI-Pro бидайы өткен жылғы 59,7 пайызға қарағанда 71,3 пайызға дейін өсті», - деді ол.