17:17, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Биыл елімізде 529 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр - Б. Сапарбаев
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл елімізде 529 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде министр Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқада еңбек рыногындағы жағдайды тұрақтандыру үшін ең алдымен жаңа жұмыс орындарын құруға назар аударылатыны айтқан Б. Сапарбаев: «Биыл 348,3 мың жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейтін 5 мың 758 жобаны іске асыру басталады. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 110 мың жұмыс орынына жоғары», деді.Босатылған жұмыскерлерді және жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау үшін жергілікті бюджеттерден 5,2 млрд. теңге қарастырылып отырғанын айтқан Б. Сапарбаев: «Осылайша босатылған және жұмыссыз адамдар санатындағы, кәсіби біліктілігін арттырған және қайта даярлаудан өткен 348 мың адам жаңадан құрылатын жұмыс орындарына орналастырылатын болады. 124 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылады. 46 мың адам кәсіби біліктілігін ұштауға және қайта даярлауға жіберіледі. 10 мыңға жуық адам жаңадан ашылатын әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылады. Осылайша жұмыспен қамтылатын адамдардың жалпы саны 529 мыңға жуықтайды», деді.
Б. Сапарбаевтың пікірінше, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында Үкіметтің қаржы секторын, шағын және орта бизнесті дамытуға , инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бөлген қаражаты қосымша жұмыс орындарының ашылуына негіз болуы тиіс.