Биыл елімізде 6 әлемдік университеттің филиалы ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде тағы бірнеше әлемдік университеттің филиалы ашылады. Осылайша алдағы 3-5 жылдың ішінде отандық жоғары білім беру саласы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде әлемдік деңгейдегі университетттердің филиалы ашылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Былтыр елімізде шетелдік 4 жоғары оқу орнының филиалы ашылды, биыл 6 филиал ашылады. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің филиалы ашылмақ. 18-19 мамырда Мемлекет басшысының Қытай еліне сапары жоспарланып отыр. Соның аясында Қытайдың ұлттық Тяньцзинь және Сиань технологиялық университетімен филиал ашу туралы келісімге қол қойылмақ», - деді Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан Азия университеттері альянсының форумы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Министрдің айтуынша, алдағы 3-5 жылдың ішінде жоғары білімнің мазмұны мен келбеті айтарлықтай өзгереді. Жоғары білім беру саласында бәсеке артады.

«Біздің жастар әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалында білім алу мүмкіндігі бар. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа елдердің ЖОО бар», - дейді ведомство басшысы.

Бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 2029 жылға қарай елімізде әлемдік 9 университеттің филиалы ашылатыны туралы айтқан еді.

Айта кетейік, Астанада Азия университеттері альянсының форумы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram