Биыл иісшіл иттер 4 мыңнан астам қылмысты ашуға көмектескен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Иісшіл иттер - құқық қорғау органдары қызметкерлерінің таптырмас көмекшісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ІІМ Кинология орталығының бастығы Нұсқабек Зауланбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұсқабек Зауланбаев атап өткендей, қылмысты ашуда полицей иттің рөлі күн сайын артып келеді.
Мәселен, Қазақстанда 8 айда иттердің қатысуымен 4292 қылмыс ашылған, оның 618 - есірткі қылмысы, 355 келі есірткі заты (оның ішінде 6 келі 130 грамм синтетика) тәркіленді.
Кинология орталығының бастығы тамыз айында Алматы облысында өтіп жатқан «Қарасора» жедел алдын алу шарасында полицей иттің арқасында 290 грамм героин анықталып, тәркіленгенін мысалға келтірді.
«Кинология орталығында иттерді қызмет етуге дайындап қана қоймай, кинолог-мамандарды да оқытады. Түрксіб ауданында орналасқан орталықта иттерді сапалы даярлауға барлық жағдай мен мүмкіндік бар. Жақсы материалдық-техникалық база жасалды, мұнда бельгиялық, неміс және шығыс еуропалық малшы иттер бар. Жыл сайын еліміздің өңірлеріне қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қорғау жүзеге асырылатын 50-ге жуық иісшіл ит беріледі. Сонымен қатар, оқыту курсынан 150-ден астам кинолог пен сонша ит өтіп жатыр», - деді Нұсқабек Зауланбаев.