Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне 85 жыл толды
«Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Газеттің алғашқы санында «Қазақ әдебиеті» - ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен терілді. Алғашқы санынан-ақ газеттің мақсаты осылай айқындалды. Алғашқы бас редактор - Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы - Мұхамеджан Қаратаев болды.
Алғашқы жылдары газеттің белгілі бір ретпен шығатын жүйесі қалыптаспады. Әр жылдағы саны әрқалай шығып тұрды. Газеттің таралымы алғашқы жылдары 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жетті. 1940-54 жылдары газеттің шығуы тоқтап, 15 жылдық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылы газеттің 51 саны жарыққа шықса, 1956 жылдан бастап аптасына бір рет, жылына 52 саны басылып шығатын белгілі бір жүйе қалыптасты.
Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы, өзінің 50 жылдық мерейтойында «Халықтар достығы» орденімен марапатталған.
«Қазақ әдебиеті» - ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым. Апталық өнер сүйгіш оқырман қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі рөл атқарды.
Газет қазақ әдебиетінің жоғары идеялық көркемдік сапасын арттырып, көркем өнердің өмірді танытушылық рөлі мен эстетикалық-тәрбиелік мәнін арттыру үшін күреседі. Әдебите пен өнердің халық өмірімен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Газет беттерінде қазақ ақын жазушыларының өлең, жыр, дастандары, әңгіме, очерктері, роман, повестерінен үзінділер, байырғы мәдени қазынамыздың ел аузында жүрген асыл үлгілері, көне тарихымызға қатысты деректер мен археологиялық-этнографиялық мұралар, қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және келешегі жайлы байыпты әдеби-сын мақалалар; елдік елеулі мәселелер - қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар жөнінде публицистік өткір ой-толғаулар, дүние жүзі классиктерінің үздік туындыларынан аудармалар жарияланады.
Сонымен бірге, оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы әралуан көкейкесті мәселелерді сөз етеді. Кино, театр, сымбат, қолөнерінің келелі тақырыптарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туындыларын оқырмандарға таныстырып отырады.
Газеттің құрылтайшысы - Қазақстан Жазушылар одағы. Редактор кеңесінің төрағасы - Нұрлан Оразалин, бас редакторы - Дәурен Қуат.