Биыл Қазақстанда Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы құрылады

Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» одағы» ҚҰЭП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, тиісті толықтырулар енгізілген заң жобасын Үкімет Мәжіліске сәуірдің соңына дейін енгізбек.
Басқарма төрағасының пайымдауынша, бұл бағытта жұмыстар белсенді атқарылса, аталған құжат 1 шілдеге дейін қабылданып қалуы ықтимал немесе қыркүйек-қазанда да мақұлдануы мүмкін. «Қалай дегенмен де ол құжат жыл соңына дейін қабылданады»,-деп түсіндіріп өтті А. Мырзахметов.
Ол Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Елбасының тапсырмасы аясында құрылып отырғандығын еске салып өтті. А. Мырзахметовтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін мүшелік міндетті болмақ, ал алғашқы бес жылдықта мүшелік жарна тек ірі және орта кәсіпорындардан төленеді. Шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары барлық заңгерлік, салықтық, сондай-ақ басқа да қызметтер кешенін ақысыз пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізеді. Палата осы тектес кәсіпорындардың аяғынан нық тұрып, нығаюына көмек көрсететін болады.