Биыл көші-қон қызметі арқылы 475 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл көші-қон қызметі арқылы 475 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамбет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылдың 9 айының ішінде 475 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. 2020 жылдан бастап шетелдіктерді ішкі істер органдарында тіркеу алынып тасталған болатын. Оларды есепке алу визалық көші-қон порталында хабарландыру арқылы жүргізіледі», - Арман Баймұхамбет.

Оның атап өтуінше, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және оларды электронды форматқа көшіру мақсатында «Еңбек иммигранттарына рұқсат беру және ұзарту» қызметі қалалық Халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілген.
Айта кетейік, өткен айда еліміздің аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп, оның аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 30 мыңнан астам фактісі тіркелген болатын.

