Биыл күзде Жаңаарқа ауданының құрылғанына 80 жыл толуы кең көлемде аталып өтілмек

АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы көркейіп келеді. Биыл күзде Жаңаарқа ауданының құрылғанына 80 жыл толуы кең көлемде аталып өтіледі.
None
None

Бұл жөнінде бүгін ҚазАқпарат тілшісіне Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жазғы демалыс кезінде депутаттар өңірлерді аралап, кездесулер өткізгені анық. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына барған депутаттар Алдан Смайыл мен Жексенбай Дүйсебаев аудан мен ауылдарда ауызсуды әрбір үйге дейін жеткізу мәселесі шешіліп жатқанына куә болды.

«Ауыл шаруашылығымен айналысатындар несие алудың қиындығын алға тартқан. Аудан мерейтойы қарсаңында сол өңірден шыққан азаматтарға құрмет көрсетілмек. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілген. Елді мекендердің үйлері мен көшелері жаңартылып, жолдар жөнделіп жатыр. Футбол стадионы жөнделіп, жасанды жасыл төсеніш төселген. Екі саябақ та көріктендірілген. Бюджеттік мекеме қызметкерлерін тұрғын үймен қамту мақсатында жалға берілетін бірнеше үй бой көтеруде. Бұрынғы күтімсіз қалған балабақшалар қайтадан жабдықталып, жаңа атауға ие болып, күзде балдырғандарды қабылдауға әзірленіп жатыр. Аудан орталығында 15 мыңдай тұрғын бар. Жүзден астам дүкен бар екен, кафелерді есепке алмағанда, төрт-бес мейрамхана халыққа қызмет етіп тұр. Бұның бәрі еліміздің дамуын, халықтың жағдайы жақсарып келе жатқанын көрсетеді»,- деді депутат Жексенбай Дүйсебаев.

Мәжіліс депутаттары сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің туған жеріндегі мұражайында болып, тарихи жәдігерлермен танысты.

Соңғы жаңалықтар