Биыл машина жасау саласында 22,7% өсім болды - Қайырбек Өскенбаев

«Биыл 7 айдың қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Жиынтық көрсеткіш 105,9% құрады. Машина жасау саласында 22,7% өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер (+34,7%), машиналар мен жабдықтар өндірісі (+37,8%), өзге де көлік құралдары (+37,7%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (+45,8%), электр жабдықтарын жасау (+7,2%), жөндеу және орнату (+5,4%) деңгейі артты», - деді Қ. Өскенбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, түсті металлургияда нақты көлем индексі 98,2% құрады. Маусымдық төмендеу бірінші кезекте «Қазақмыс корпорациясының» Қосмұрын кенішінде өндірістің технологиялық желісін жоспарлы қайта құруға және «Қазмырыш» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінде жоспарлы күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болды. Нәтижесінде, қорғасын шығару (-18%), мырыш (-6%), тазартылған мыс
(-11%), мыс созбасы (-7%) және тазартылған алтын (-3%) төмендеді.
«Сонымен қатар құйма алтын (+12%), катодты мыс (+30%), мыс таяқшасы өндірісі (+1%) өскені байқалады. Қара металлургияда оң динамика сақталып, өсім
1,6% болды. Оған болат (+25%), шойын (+17%), арматуралық прокат (+11%), көміртекті болат (+21%) және ферросиликомарганец (+29%) және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді», - деді ол.