Биыл мемлекеттік лицензия беруші барлық ведомство қызмет көрсетудің электрондық нұсқасына көшеді
Бұл туралы Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, бүгінде www.elicense.kz порталында орталық мемлекеттік 20 орган мен қалалық 8 әкімдікте (Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының) лицензия алуға өтінішті электрондық нұсқада беруге болады. 2012 жылы электрондық лицензиялау жүйесі қалған 8 әкімдік пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне де енгізіледі.
«Электронды үкімет» инфрақұрылымының аясында осы уақытта тұрғындарға (жеке және заңды тұлғаларға) барлығы 219 интерактивті және транзакциялық қызмет көрсетілуде. Олардың 100-і электрондық лицензиялау порталы, қалған 119 қызмет «электрондық үкімет» порталы арқылы ұсынылуда. «Электрондық үкімет» порталы арқылы ұсынылатын қызметтердің қатарында 77 мемлекеттік қызмет түрі бар. Олардың ішінде мемлекеттік алымдардың 21 түрі, мемлекеттік баж салығының 16 және салық төлемдерінің 4 түрі бойынша төлемдер жасап, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуге болады. Сондай-ақ, egov.kz порталында 2 мыңнан астам ақпараттық қызметтер көрсетіледі.