Биыл Орал жылу-қуат орталығына резервті газ құбырын тарту жұмыстары басталады - БҚО

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 2012 жылы 3427 млн. теңге құрайтын құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі, өткен жылы жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған болатын. 2013 жылы ҚР Мұнай және газ министрлігіне бюджеттік өтінім жіберіліп, соның нәтижесінде республикалық бюджеттік комиссия жоба бойынша 2015 жылы - 833 млн. теңге, 2016 жылы 2251 млн. теңгені бөлуді мақұлдады. Биыл байқау тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізіліп, қазіргі таңда мердігер «Бірлік» ЖШС-мен келісім жасалуда.
Орал жылу-қуат орталығына резервті газ құбырын тартуға республикалық бюджеттен 3134,7 млн. теңге, соның ішінде 2015 жылға - 341,7 млн. теңге, 2016 жылға - 1036,2 млн. теңге, 2017 жылға 1265,8 млн. теңге қаралып отыр. Құрылысты биылғы екінші тоқсанда бастап, 2017 жылы бітіру көзделуде.
Сонымен қатар биыл ауылдық елді мекендерді газдандыруға 1856,5 млн. астам теңге бөлініп, бұған 209 шақырым газ құбыры тартылмақ. Бұл - 16,4 мың тұрғыны бар 29 ауылды «көгілдір отынмен» қамтиды деген сөз. Биыл жыл соңында ауылдық елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 62 пайызға (443 елді мекеннің 275-і) жетпек. Ауыл халқының табиғи газбен қамтылуы 87,7 пайызды (262,2 мың адам) құрамақ. Ал облыс бойынша тұрғындардың 93,8 пайызы (590,6 мың адам) газды тұтынатын болады. Ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары 2016 және 2017 жылдары да жалғасады.
Айта кетейік, 2014 жылы ауылдық елді мекендерді газдандыруға 4 млрд. теңге жұмсалған болатын.