Биыл тозған жылу желілерін жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлінді - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коммуналдық меншіктегі жылу желілерін жаңғырту мақсатында министрлік қаржыландырудың үш тетігін іске асыруда: нысаналы трансферттер, бюджеттік кредит, шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау», - деді ол.

Министрдің дерегінше, жылу желілерін қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу бойынша бюджеттік бағдарлама ашылды. Бұл ретте қаржыландыру бюджеттік кредиттеу тетігі арқылы 20 жыл мерзімге 0,01 пайызбен, ал жеке ұйымдар үшін субсидиялау тетігі арқылы жалғастырылатын болады.

«2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде тозу көрсеткіші 75 пайыздан асатын 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарлануда.

Жалпы, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтау жобалары бойынша тиісті өтінімдер мен құжаттамаларды ұсыну жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет. Бүгінде 2024 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыруда 54,7 млрд теңге сомасына жылу жүйелерінің 43 жобасына ғана өтінімдер бар», - деді Марат Қарабаев.


Соңғы жаңалықтар