Биыл үш қаладағы жастар пәтерлерін алады - Мархабат Жайымбетов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін еліміздің ірі үш қаласындағы жұмыс істейтін жастар жалға берілетін пәтерлерін алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл үш қаладағы жастар пәтерлерін алады - Мархабат Жайымбетов

«Биыл жастарға пәтер беру басталғалы жатыр. Жыл соңына дейін жалға берілетін тұрғын үйлер тапсырылады. Осы орайда бұл пәтерлерге үміткерлерден өтінімдер түсіп жатыр. Бұл тұрғыда үш қаланың әкімдігі тарапынан да тиісті қадамдар жасалуы керек. Алдағы жылы да осы бастама аясында жақсы нәтиже болады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Өз кезегінде ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға тұрғын үйлерді пайдалануға беру қараша мен желтоқсан айларында жүргізілетіндігін жеткізді.

«Аталған қалалар әкімдіктері мәліметінше, екі айдың ішінде жастар тиесілі пәтерлерінің кілтін алатын болады», - деді М. Жайымбетов.

Бұдан бұрын, Д. Абаев 2022 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде жастарға жалдамалы пәтер салу мүмкіндігі туралы мәлім еткен еді.

Айта кетсек, Жастар жылына орай Елбасының тапсырмасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үйді беру бойынша ережелерді бекіткен болатын. Аталған тапсырманы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының ашылу салтанатында берген еді.

Белгілі болғандай, 5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданады.

Жалға берілетін тұрғын үйге 29 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу жоспарларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтар өтініш бере алады. Сонымен қатар, нарықта сұранысқа ие 100 мамандықтың тізіміне сәйкес, кәсіпті игерген азаматтар, жас отбасылар, жас кәсіпкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттарға жатады.

Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жастарға 202 екі бөлмелі және 848 бір бөлмелі пәтер тапсырылады.