Биыл Вэл Баркер кубогы қазақ боксшыларына бұйыра ма?
Олай дейтініміз осыған дейін біздің үш бірдей боксшымыз Олимпиада алтынымен қоса, осы аса құрметті сыйлықтың да иегері атанған болатын.
Ең бірінші бұл мәртебелі атаққа 1996 жылы Атланта олимпиадасында байрағымызды желбіреткен қыранымыз Василий Жиров қол жеткізді. Екінші рет Афины олимпиадасында чемпион атанған қазақтың батыры ұлы Бақтияр Артаевқа бұйырды. Ал үшінші рет осыдан төрт жыл бұрын Лондон олимпиадасында топ жарған бауырымыз Серік Сәпиев қанжығасына байлады.
Бұл сыйлық кез келген боксшыға бұйыра бермейтін аса бағалы сыйлықтардың бірі. Оны олимпиададағы техникалық жағынан ең үздік боксшыға АИБА аса салтанатты түрде табыс етеді.
Ал биыл осы аса бағалы марапатқа лайық біздің боксшылардан кімдер бар? Оны алдағы уақыт көрсете жатар. Алайда, биыл біздің боксшылар алғаш рет толық құрамда бара жатыр. Жақсы өнер көрсетіп жатса, төртінші боксшымыз Вэл Баркер кубогын иеленіп қалуы да ғажап емес.
Вэл Баркер кубогы (ағыл. Val Barker Trophy) - 1936 жылдан бастап Олимпиада ойындарының ең техникалық боксшысына берілетін жүлде. Кубок ағылшын боксшысы, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының алғашқы құрметті хатшысы Вэл Баркер құрметіне 1920 жылы тағайындалған болатын.
Кубок AIBA-ның жекеменшігі болып табылады және Олимпиада ойындарында алған орнына қарамастан ең мықты техника көрсеткен боксшыға табыс етіледі.
Жеңімпазға Кубоктың көшірмесі және АIBA-ның Дипломы беріледі. Кубок жарыстар біткеннен соң, бір күннен кейін, арнайы салтанатты рәсім барысында, АIBA мүшелері және шақырылған қонақтар көзінше табыс етіледі.
Салтанатты рәсімге Кубокқа үміткер болған барлық спортшылар шақырылады. Кубокқа жеңімпаздың есімі, өнер көрсеткен салмағы, елі және Олимпиада өткен қаланың атауы қашалып жазылады.
Бұл кубокты жеңіп алған спортшыға қойылатын талап:
Кубок иегері Кубокты өз елінің Ұлттық бокс федерациясына келесі Олимпиада ойындарына дейін сақтауға өткізеді.
Ұлттық бокс федерациясы АIBA-ға Кубокты қауіпсіздікте сақтау жөнінде кепілдеме береді және АIBA-ның есепшотына кепілдік ретінде ақша аударады. Келесі Олимпиада ойындары басталуына кем дегенде жеті күн қалғанға дейін Кубок Олимпиада өтетін қалаға, АIBA-ның Атқарушы комитетінің мүшелеріне жеткізілуі керек.
Кубок иегері АIBA тарапынан келесі Олимпиада ойындарына құрметті қонақ ретінде шақырылып, Кубокты келесі боксшыға табыстау рәсіміне қатысады.
Егер Кубокты қатарынан үш рет бір елдің бокшылары алса, онда Кубок сол елдің Ұлттық бокс федерациясының меншігіне өтеді.