Биыл жалған террористер 140 ғимаратқа «бомба қойып» шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жасырылған бомба туралы хабарларды тексеруге 140 мәрте шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл жалған террористер 140 ғимаратқа «бомба қойып» шықты

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, терроризм актісі туралы жалған хабарлама негізінде 101 қылмыстық іс қозғалған.

Жалған террористердің қол сұғу объектілері:

- білім объектілері;

- көлік объектілері;

- сауда, ойын-сауық орталықтары;

- елшіліктер;

- банктер және басқалар.

Өткен жылмен салыстырғанда мұндай хабарлама бойынша 68%-ға көп қылмыстық іс қозғалды.

101 істің тек 12-сінде ғана қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.

Жыл басынан бері ғимараттарға «мина қойғаны» үшін 11 адам сотталды, оның алтауы бас бостандығынан айырылды.

Кей жағдайда «бомбалаушылар» шетелден болып келеді.

Шетелдік серіктестерден мәліметтерді ҚР Бас прокуратурасы арқылы алуына қарай шет елдердің құқық қорғау органдарына халықаралық тергеу тапсырмасы беріледі.

Мұндай тапсырмалар Ресей, Швейцария, Малайзия және Украинаға жіберілді.