Биыл жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныпқа енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті.

Биыл жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныпқа енгізіледі

«Министрлік «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қадамдарын және Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатындағы білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жұмыстарын бастады. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныптан бастап енгізіледі», - деп атап өтті Э. Суханбердиева.

Осы ретте ол оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн 30 қанатқақты мектепте сынақтан табысты өткенін мәлім етті.

«Жаңартылған білім мазмұны арнайы кестеге сәйкес кезең-кезеңмен енгізіледі: 2016  жылы - 1-сынып,  2017 жылы - 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы - 3,6,8,10-сыныптар,  2019  жылы - 4,9,11,12-сыныптар. 2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады», - деді вице-министр.