Биыл «Жолаушылар тасымалы» компаниясы жаңадан 220 жолаушылар вагонын сатып алады

Бұл жұмыстар көрсетілетін қызметтердің тиімділігін және сапасын арттыру бойынша салалық бағдарламаның міндеттемелерін жүзеге асыруға сәйкес жүргізілетін болады. Атап айтқанда, отандық өнім - 158 «Тұлпар-Тальго» вагонын, жоғары тұтынушылық сипаттамалары бар 49 вагонды, 1 дизельді-рельстік құрамды (3 вагоннан құралған) және электропоездың 10 вагонын сатып алу көзделеді.
Бұл шаралар «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына жолаушылар вагондарының паркін жаңартуға, осы арқылы парктің тозу деңгейі көрсеткішін 64 пайыздан 58 пайызға дейін төмендетуге, сонымен қатар мерекелік және демалыс күндері жоғары сұранысқа ие бағыттарға қосымша вагондарды тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
«Айта кетер тағы бір жаңалық, үстіміздегі жылдың маусым айында «Алматы-Атырау» бағытында, ал қараша айында «Астана-Атырау» бағытында екі жаңа жүрдек маршрутты енгізу де жоспарланып отыр», - делінген таратылған баспасөз хабарында.