Биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласының жас мамандарына несие берілмек

ОРАЛ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ биылдан бастап еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының жас мамандарына несие бермек.
None
None

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен Орал қаласындағы №4 кәсіптік лицейде өткен «2010 жылы Батыс Қазақстан облысында аграрлық саланың жас мамандарына шағын несие беру бағдарламасын түсіндіру» атты семинарда айтылды.

Аталмыш бағдарлама соңғы уақытта нәтижелі жүзеге асып келе жатқан «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының баламасы іспетті. Айырмашылығы - алғашқы жоба білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласы сияқты әлеуметтік мамандық иелеріне бағытталса, соңғысы тек аграрлық саланың жас мамандарын ғана жарылқамақ. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының несие инспекторы Талап Бисембаевтың мәлімдеуінше, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы ақпанның 1-індегі №62 бұйрығына сәйкес, шағын несиелер ауылдағы шаруашылық ұйымдары мен шаруа қожалықтарында, кәсіпорындарда немесе ауылда үш айдан кем емес малдәрігерлік емдеу қызметтерін көрсететін жас мамандарға беріледі. Яғни өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген кәсіптік лицей, колледж және жоғары оқу орындарының түлектері мал сатып алу және өсіру үшін 9,5 жылдық пайызбен 400 мың теңгеге дейін шағын несие ала алады. Несиені өтеу мерзімі - үш жыл. Кепілге жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік қойылады.

Облыстық білім басқармасы жуырда барлық аудан орталықтарындағы кәсіптік лицей түлектеріне арнап, онлайн семинар өткізуді жоспарлап отыр. Онда аграрлық саланың жас мамандарына шағын несие беру бағдарламасы туралы толық мәлімет беріліп, мамандар ауыл жастарының сұрақтарына жауап бермек.

Соңғы жаңалықтар