Биылдан бастап қазақстандықтар мемлекеттік қызметтердің бірнеше түрін бір өтінішпен ала алады - «ҰАҚ» АҚ

сәбиін балабақша кезегіне қоя алады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстанда «электрондық үкіметті» дамыту» халықаралық конференциясында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Исмағамбетов мәлім етті.
Т.Исмағамбетов атап көрсеткендей, азаматтардың уақытын үнемдеу және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік органдардың қызметтері бір жүйеге ықпалдастырылып жатыр. Бұған дейін, бала туған кезде азаматтарға анықтама алу үшін медициналық мекемелерге, туу туралы куәлікті алу үшін АХАЖ-ға, жәрдемақыны алу үшін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа, банкке, әкімдікке және өзге де бірқатар мекемелерге баруына тура келсе, биылдан бастап әуре-сарсаң азаяды. Яғни 2011 жылдан бастап «электрондық үкімет» порталына немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жолдау арқылы қызметтің бірнеше түрін бірден алуға болады. Мәселен, бір өтінішпен азаматтар туу туралы куәлікті ала алады, төлем кәртішкесіне жәрдемақыны аудартып, сәбиін балабақшаға кезекке қоя алады. Қызметтерді алуға бұрын 12-40 күн кетсе, енді ол 5 күнге қысқарады.
Сондай-ақ, Т.Исмағамбетов атап көрсеткендей, «е-үкімет» порталында - жылжымайтын мүліктің кепілдікте бар-жоғы туралы, зейнеттік аударымдар туралы және салық қарыздары туралы анықтамаларды беру, жолда жүру ережелерін бұзғаны үйшін айыппұлдарды төлеу, азаматтардың арыздарын қабылдау қызметтеріне халық сұранысы аса жоғары.
«Бүгінгі күнге дейін барлығы 9 млн.-ға жуық электрондық қызмет көрсетілді. Төлем шлюздары арқылы 22 млн. трансакция өтті. Өткен жылмен салыстырғанда бұл цифрлар екі есеге артты. Порталды күнделікті 25 мың адам пайдаланады», - деп түйіндеді ол.