Биылғы су тасқыны соңғы 37 жылдың ішіндегі ең ауқымдысы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин және  ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Петропавл қаласына жақын Есіл өзені және одан төмен Ресей Федерациясы Тюмен облысына дейінгі өзен алқабында орналасқан елді мекендердегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды тікұшақпен аралап шықты, деп хабарлайды ТЖ комитетінің баспасөз қызметі.

Биылғы су тасқыны соңғы 37 жылдың ішіндегі ең ауқымдысы болды

2017 жылға болжанған ауқымды су апаты зардабын барынша азайту, облыстағы төтенше жағдайлардың орын алуы мүмкіндігін алдын ала ескерту бойынша кешенді шаралар жүргізілді. Инженерлік қорғау бойынша 61 елді мекенде 49 шақырымға жуық  жердің бөгеттері нығайтылды,  18 шақырымға жуық су бұрғыш каналдар қазылды.

Инженерлік жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ, су өткелдері арқылы адам және азық-түлік тасымалдау, Есіл өзеніндегі су деңгейін бақылау жұмыстарына  2007 адам, 394 бірлік техника және 23 жүзу құралдары, 94 мотопомпа, сондай-ақ, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комиссиясы күштері мен құралдары, Астана және Алматы қалаларынан 3 жедел-құтқару топтары жұмылдырылды.

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ департаменті және жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен су алған елді мекендердегі адам тасымалы, су басқан территорияларда суды тартып шығару және Есіл өзеніндегі су деңгейін бақылау  жұмыстары жүргізіліп жатыр.