Биылғы жылды Алаш жылы деп атасақ, артық емес - Дәметкен Сүлейменова

Бұл туралы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, алаштанушы, Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені ол қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл қозғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, ел жанды қазақ азаматын баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасуымен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі - тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп атап көрсеткен болатын.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамында ұлттық идея жөнінде әңгіме басталып, ол толастар емес. Бұл заңды да. Заңды болатын себебі, ұзақ уақыт отарлық құрсауында қамалған, егемендігін енді орнықтырған, жаһандану алдында тұрған халықтың есті ұрпағы ұлтын ұйыстырар идея іздемек. Сондықтан да Алаш идеясы - біздің ұлттық идеямыз.
Осы орайда мына шаралар мемлекеттік деңгейде атқарылуы керек деп ойлаймыз:
1. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашу.
2. Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтың Мәскеу қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату.
3. Воронеж қаласында Жаһанша Досмұхамедовтың айдауда болған кезінде тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату.
4. Самара қаласында тұтқында болған кезде Әлихан Бөкейхановтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату.
5. Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласындағы Жаһанша Досмұхамедовтың жерленген жерінен топырағын әкеліп, Жымпитыдағы «Алаш саябағына» капсуласын орналастыру.
6. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі туралы деректі фильмді үш тілде түсіру.
Сонымен қатар облыстық деңгейде мына жұмыстар жасалса дейміз:
1. Облыстық «Күнбатыс Алашорда» музейін жасақтау. Музейге «Нұр Отан» партиясы орналасқан ғимараттың артында, ауласында тұрған ғимарат келеді.
2. Зачаган кентіндегі Мөңке көшесіндегі саябаққа «Алаш қайраткерлерінің» ескерткіштерін орнатып, халық демалатын орынға айналдыру.
3. Қала көшелеріне Алаш қайраткерлері бейнеленген билбордтар ілу.
4. Алаш қайраткерлері туралы виртуальды бейнероликтер жасау.
5. «Алаш жолымен» атты Орал қазақтарының съездері өткен жерлерге экспедиция ұйымдастыру. Маршруты: Орал - Ойыл - Қаратөбе - Жымпиты - Қызылқоға бағытында жергілікті тұрғындармен кездесіп, Алаш тарихын насихаттап, дәріптеу. Себебі: биыл Орал қазақтарының I және II-ші съездеріне 100жыл.
6. «Алаш» партиясының, Алашорда ұлттық кеңес үкіметінің құрылғанына 100 жыл және Батыс Алашорда жетекшісі, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдық мерейтойына арналған халықаралалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру. Тақырыбы: «Алаш һәм Алашорда: ізденістер, зерттеулер, тұжырымдар».
Қорыта айтқанда, 2017 жылды Алаш жылы деудің қисыны жеткілікті. Бұған тағы бір себеп: Алаш қайраткерлерінің мерейтойлары тарихи жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Атап айтқанда:
1. Ишанғали Арабаев - Қырғыз халқының аяулы перзенті, Алаш қайраткері. Ол 1882 жылы Қырғызстанның Қошқар ауданында дүниеге келген. Қырғыз елінің белгілі ағартушысы, қоғам қайраткері. Ол 1933жылы Тұран әлеуметтік партиясының ісі бойынша тұтқындалып, түрмеде белгісіз жағдайда қаза табады. Биыл Алаш қайраткеріне - 135 жыл.
2. Қалдыбай Асанов - Жымпиты уезінің 4-ші ауылында1892 жылы дүниеге келген. Алашорданың Батыс бөлімінің белді мүшесі. Батыс Алашорданың офицері. Мамандығы экономист. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің мүшесі. 1937жылы атылған.
Биыл Алаш қайраткеріне - 125 жыл.
3. Беркінғали Атшыбаев - Гурьев уезі, Қазыбек болысының Миялы ауылында 1897 жылы туған. Ол қазақтың тұңғыш мұнай барлаушы геологі. Ол Орал реалдық әскери училищесінің түлегі. Батыс Алашорда офицері. 1937 жылы атылған.
4. Ілияс Ахметов - Қарағанды облысының Шет ауданы, 4-ші ауылында 1897 жылы туған. Журналист, зерттеуші 1934-1936ж.ж. Мемлекеттік орталық кітапханада Алматы қаласында қызмет атқарған. 1938 жылы атылған.
Биыл Алаш қайраткеріне - 120 жыл.
5. Байсейіт Әділов - Ақмола облысы, Ақмола уезінде 1887 жылы туған. 1928 жылы атылған. Биыл Алаш қайраткеріне - 130 жыл.
6. Шафқат Бекмұхамедов - Бөкей ордасының 2-теңіз жағалауы округінде 1892 жылы туған. Бөкей ордасында өткен қазақ съезінде 1917 жылы 21сәуірде төреалқаның орынбасары қызметін атқарған. 1958 жылы қайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 125 жыл.
7. Молданияз Бекімов - Қаратөбе ауданында 1882 жылы туған. Әскери офицер, аудармашы, халық ағарту істеріне көп көңіл бөлген адам. 1917 жылы Екінші Жалпықазақ съезінде Алаш партиясына мүшелікке кандидат болып қабылданады. Қайтыс болған жылы белгісіз. Биыл Алаш қайраткеріне - 135 жыл.
8. Мұқыш Боштаев - Семей облысы, Павлодар уезінде 1897 жылы туған. I және II Жалпы қазақ съездеріне қатынасқан. Қайтыс болған жылы белгісіз. Биыл Алаш қайраткеріне - 120 жыл.
9. Тәжмұхамбет Жалпақов - Орал облысы, Ілбішін уезі, Мәнеш болысының 8 ауылында 1897 жылы туған. Алашорда таратылғаннан соң Қазақ өлкелік Төтенше комиссиясының ерекше тапсырмалары жөніндегі комиссары. 1956 жылықайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 120 жыл.
10. Молдағали Жолдыбаев - Орал облысы, Улбішін уезі, Құрайлы болысында 1887 жылы туған. Орынбор орыс-қазақ семинариясын бітірген «Халық мұғалімі» Оқу-ағарту ісіне күш салған, белсенді Алаш қайраткері. 1938 жылы атылған. Биыл Алаш қайраткеріне - 130 жыл.
11. Аспандияр Кенжин - Гурьев уезінің Рәкош ауылында 1887 жылы туған. Орынборда өткен Жалпықазақтың I съезіне қатысқан, Алаш қайраткері. 1937 жылы атылған. Биыл Алаш қайраткеріне - 130 жыл.
12. Сәлімгерей Қаратілеуов - Орал облысы, Гурьев уезінде 1887 жылытуған. Алаш қайраткері, тұңғыш қазақ аграномы. Орал қаласында өткен Қазақ сьезіне қатысып, облыстық қазақ комиссиясының мүшелік қызметін атқараған. 1938 жылы атылған. Биыл Алаш қайраткеріне - 130 жыл.
13. Бақтыгерей Құлманов - Атырау облысы, Теңіз ауданында 1857 жылы дүниеге келген. Алаш қозғалысы кезінде елге басшы болған көрнекті қоғам қайраткері. 1-ші Мемлекеттік Думаның мүшесі. Алашорда үкіметінің төрағасын сайлауда Бөкейхановпен сайлауға түседі. 1919 жылы қайтыс болған.Биыл Алаш қайраткеріне -160 жыл.
14. Елдес Омаров - Алашорданың көрнекті қайраткерлерінің бірі, педагог, публицист. Қостанай уезі, Дамбар болысының екінші ауылында 1892 жылы туған. Алашорда үкіметін құруға бар қажыр-қайратын жұмсаған адамдардың бірі. 1937 жылы атылған. Биыл Алаш қайраткеріне - 125 жыл.
15. Жанша (Жиһанша) Сейдалин - Қостанай қаласында 1877 жылы дүниеге келген. Өз халқына пайда тигізу мақсатымен ағарту және жер мәселесі комитетінде жауапты қызметтер атқарады. 1923 жылы қайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 140 жыл.
16. Бекмұхамед Серкебаев - Омбы облысында, Омбы өзенінің бойына орналасқан Полобин деген ауылда 1892 жылы дүниеге келген. Ол -жазушы, драматург, ұстаз. Атақты әнші Ермек Серкебаевтың әкесі. Башқұрт ақыны Ш.Бабичпен бірге «Шытымыр» атты сатиралық журнал шығарады. 1976 жылы қайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 125 жыл.
17. Уәлитхан Танашев - Атырауда балықшы кәсіпкер отбасында 1887 жылы дүниеге келген. Алашорданың күрескер азаматы, көрнекті қоғам қайраткері. 1917 жылы Бөкей Ордасы қазақтары съезінде президиум төрағасы болады. 1-11 мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінің атқару комитетіне мүше болды. 1968 жылы қайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 130 жыл.
18. Нәзір Төреқұлов - Түркістанмаңындағы Қандоқ деген жерде1892 жылытуған. Қөрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші. 1916 жылы Минскіде Батыс майданы «Земсоюзда» нұсқаушы болған. «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газетінің редакторы (Орынбор) болған. 1937 жылы атылған.Биыл Алаш қайраткеріне - 125 жыл.
19. Айдархан Тұрлыбаев - Ақмола облысы, Көкшетау уезі Мезгіл болысында 1877 жылы туған. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер. 1917 жылы Омбыда Ақмола облыстық қазақ съезі өткенде, осы жиынға төрағалық етті. 1937 жылы атылған.Биыл Алаш қайраткеріне - 140 жыл.
20. Ғұбайдолла Әлібеков - Орал қазақтарының I Съезін ұйымдастырған. Орал реалдық әскери училищесінің түлегі. Жымпиты уезінде 1872 жылы туған. 1923 жылықайтыс болған. Биыл Алаш қайраткеріне - 145 жыл.
«Кең байтақ еліміздің азаттық алуы жолында аянбаған осындай қайраткерлерімізді қалай ұлықтасақ та, жарасады», деді Дәметкен Досмұханқызы.