Биылғы жылы «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері экономикалық контрабанда бойынша 61-ден астам фактіні, есірткі бойынша 5 фактіні анықтады - А. Шегильбаев

Шара барысында журналистерге есірткіні, контрабандалық жолмен әкелінген тауарларды, қару-жарақ және валютаны заңсыз әкелу және әкетуді анықтау үшін орнатылған кедендік бақылаудың жаңа техникалық құралдары, оның ішінде биыл тұңғыш рет бекетке қойылған «Rapiscan» және «Янтарь» тексеру аппараттарының жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар, кедендік бақылау мен кедендік рәсімдеуді жүзеге асыратын бекеттің жұмыс барысы, биыл алғаш рет әуежай бекетіне Бірыңғай кедендік кеңістік құрылуына орай, Кеден одағына мүше елдердің әуежолаушылары үшін арнайы құрылған дәліздің ерекшелігі, сондай-ақ, Кеден заңнамасына сәйкес, кедендік бақылаудан өту және әуе жолаушыларының жолжүгі мен қолжүгін ресімдеу айырмашылықтары түсіндірілді. Бұнымен қатар, БАҚ өкілдеріне қызметтік-іздестіру иттердің көмегімен есірткі және психотропты заттарды іздеу қалай жүзеге асырылатындығы көрсетілді.
««Жетісу» кеден бекеті - Алматы қаласы Кедендік Бақылау департаментінің, ҚР кеден шекарасы арқылы тауарларды заңсыз әкелу, әкету және транзит фактілерін анықтау мен алдын алу шараларын жүзеге асыратын бірден- бір құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Қазіргі таңда бекетте 135 қызметкер жұмыс жасайды. Кедендік бекеттің жолаушылар учаскесі төрт ауысым, яғни тәулік бойы жұмыс істейді. Әуежай күніне 60-қа жуық халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсетсе, бекет күніне 8 мыңнан астам жолаушыларға кедендік бақылау жүргізеді»,-деді шара барысында «Жетісу» кеден бекеті бастығының орынбасары Абзал Шегильбаев.
Оның айтуынша, биылғы жылы кеден бекетінің қызметкерлері экономикалық контрабанда бойынша 61-ден астам фактіні, есірткі бойынша 5 фактіні, кедендік тәртіпті бұзу бойынша 200-дей әкімшілік материалды анықтап, 9 млн. теңге айыппұл өндіріп алған. «Сондай-ақ, 700 мың АҚШ долларынан астам ақша, 14 мың еуро және басқа да валюталарды тәркілеп, жасырын түрде түсіретін құралдарды, сары, ақ металдан жасалған зергерлік бұйымдарды заңсыз алып өтпек болған әрекеттердің алдын алды», -деп атап өтті А. Шегильбаев.
Оның айтуынша, Комитет кеден бекеттері қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы оқу-тренингтер ұйымдастырып, ұдайы өткізіп келеді. «Мәселен, биыл біздің орган қызметкерлері ресейлік әріптестерінен ақпарат және тәжірибе алмасу мақсатында Мәскеуде болып қайтты. Онда Домодедова мен Шереметьева кедендерінің жұмыс барысымен танысты»,-деді ол.