Біз алдағы онжылдықта жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетеміз - Елбасы
«Біз алдағы онжылдықта жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендетеміз. 2014 жылға қарай жалпы сомасы 8,1 трлн. теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жүздеген мың жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының атап өтуінше, еңбекпен қамтудың жаңа стратегиясының басты мақсаты - азаматтардың табысын арттыру болуы қажет. Сондықтан жаңа бағдарламаға қатысатын қазақстандықтар оқуға және жаңа кәсіпті меңгеруге дайын болулары керек.
«Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы - 2020» жобалары негізінде индустриялық секторды кеңейтуге қажетті мамандықтарды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Оқыту бағдарламасы осындай мамандықтар тізбесіне байланысты болуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің сөзіне қарағанда, мемлекет бағдарламаға қатысатын азаматтарды тегін оқытып, оқу орнына жету жолақысын төлеумен қатар арнайы шәкіртақы да тағайындамақ. «Жұмыс істеп жақсы өмір сүру үшін бұдан артық не істеу керек? Бұндай бағдарлама әлемде жоқ!», - деді Н.Назарбаев.