Біз Азиада алауының эстафетасын үлкен мақтанышпен, қуанышпен қабылдап алдық - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов

Алауды алып жүру құрметіне ие болған 60 алаугердің қатарында атқарушы билік органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, спортшылар, Петропавлдың құрметті азаматтары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен күш-қуат құрылымдарының өкілдері болды.
Эстафета «Абылай хан ордасы» мұражай кешенінің алдында басталды. Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Біләлов: «біз бүгін айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз - біздің Солтүстік Қазақстан жеріне VII қысқы Азиялық ойындардың алауы келді. Қазақстан, Азиялық ойындарды өткізіп отырған төртінші ел. Елбасымыздың халықаралық беделі осынау Азиялық ойындарды өткізуде үлкен рөл атқарып отыр», деп атап көрсетті.
Эстафетадан кейін мерекелік концерт болды. Онда сөйлеген сөзінде Серік Біләлов: «...Біз Петропавл қаласында өткен осынау алау эстафетасына бір команда болып қатыстық және елімізге жүктелген жауапкершілікті мақтаныш, қуаныш сезіммен қабылдаймыз, Елбасын мақтан етеміз. Осының бәрі Елбасының арқасында мүмкін болып отыр. Облыс тұрғындарының атынан барлық спортшыларымызға бақыт, амандық тілейміз, лайықтылар жеңіске жетсін. Азиада ойындары жасасын!» деп мәлім етті.
Петропавлдан кейін Азиада алауының эстафетасын Көкшетау қаласы қабылдап алды.