17:28, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Біз бейбітшілік сақтау жолындағы жаңғыру және ақылға келу идеясын жақтаймыз
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы, сенатор Қуаныш Сұлтановтың 2009 жылғы ақпанның 19-20-ы күндері Венада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 8-інші сессиясында Ресей мен Францияның еуропалық қауіпсіздіктің жаңа сәулетін жасау жөніндегі бастамаларына арналған арнайы пікірсайыстарда сөйлеген сөзінің толық мәтінін таратады.
Құрметті Төраға мырза!
Құрметті әріптестер!Әлем кейде бізді аңдаусызда қалдырып, өзгеру үстінде. Жер бетіндегі адамдар әлемдегі қаржы дағдарысы сияқты болып жатқан жаһандық өзгерістердің әр кезде тап басып алдын алуға қауқарсыз. Табиғи-экологиялық астаң-кестең болып жатыр. Африканың ыстық саванналарын қар басып, дүлей дауыл күтімі келіскен еуропалық жайлы қалалардың ту-талақайын шығарады, теңіз толқындарының астында қалдырады деп кім ойлаған? Жаңа технологиялар қаншама қуатты болса да, көптеген жаһандық үдерістерге әлі де адамзаттың күші жетпей тұр. Алайда мемлекеттердің, мемлекеттік және саяси қайраткерлердің ақыл-парасатына, парламенттердің, халықаралық ұйымдардың іс-қимылына тікелей тәуелді үдерістер бар. Солардың бірі ? ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы. Біз Еуропа құрлығының қауіпсіздігі кепілдігін нығайта түсуге ұмтылған мемлекеттер көшбасшыларының адамгершіл, ізгі ниеттерін қолдауға тиіспіз. Мемлекеттер басшылары жаңа ұрпағының бейбітшілікті сақтау, халықтардың, мемлекеттердің және өркениеттердің гүлденуі жолындағы ақылға келу мен жаңарту идеяларына бой ұрғаны жақсы. Әлем АҚШ-тың жаңа Президентінің Гумантанамо түрмелерін жабу туралы Жарлығын жеңіл сезінген көңіл-күйде қарсы алды. Осы проблема бойынша ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясында қызу айтысқанымыз көбіміздің есімізде және ол тілегіміз ақталды. Біздің әріптесіміз Анна-Мари Лизин әлемді құпия түрмелер сияқты мұндай жантүршігерлік өнертабыстардан арылту үшін көп күш-жігер жұмсады. Ирак пен Ауғанстандағы соғыстар тоқталып, өзара кінәласу мен доқ көрсетудің орнына Иранмен құрмет сезімімен тең өзара қарым-қатынастар басталса, халықтар қалай бір сілкініп қалар еді?! Міне сондықтан да Қазақстан Ресей президентінің жаңа сәулет орнату бастамасын қолдайды, бұл ? ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Мәскеу сессиясының декларациясында көрініс тапқан Еуропалық қауіпсіздік туралы шарт.
Еуроатлантикалық қауіпсіздік сәулетін халықаралық құқықтың үстемдігі, БҰҰ-ның орталық рөлі, барлық мемлекеттердің біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздігі ұстанымдары негізіндегі заманауи халықаралық қарым-қатынастар болмысына қарай бейімдеу міндеті өте-мөте дер кезінде көтеріліп отыр деп санаймын. Шарт бойынша көпжақты келіссөздерді бастау жөніндегі жалпыеуропалық саммитті ұйымдастыру туралы айтар болсам, бұл мәселені әуелі ЕҚЫҰ тұғырнамасында пысықтауға артықшылық беру жөніндегі Франция Президентінің ұсынысы мақұлдауға лайық. Тап осы тұрғыдан келу біздің болып жатқан геосаяси өзгерістерді жіті ескеруімізге, сенім жеткіліксіздігі мен жүйелік дағдарысты еңсеруімізге мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекетті қалыптастырудың алғашқы күнінен бастап бейбітшілікті сақтауды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде қарулы жанжалдарға жол бермеуді дәйекті жақтап келеді. Қазақстан әлемдік саясатқа оң ықпал еткен бірқатар халықаралық бастамалардың авторы болды десем асыра айтқандық болмас. Қазақстан Президенті Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы болып көрмеген теңдессіз шешім қабылдады. Адамзат тарихында тұңғыш рет елдің ядролық қаруды иеленуден өз еркімен бас тартуы ядролық қарусыздану мен оны таратпау жөніндегі жаһандық күш-жігерге біздің қосқан қомақты үлесіміз болды. Бұл шешім жас мемлекеттің әлемдік қоғамдастыққа кірігуін жеделдете түскені, оның халықаралық ұстанымдарын едәуір нығайтқаны, сенімді нығайтуға, шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдескені сөзсіз. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелері тарапынан өз қауіпсіздігіне кепілдіктер ала білді. Орталық Азияның ядролық қарудан ада аймақ екендігі туралы шартқа қол қойылуы ядролық қаруды таратпауға жаңа қадам болды, бұл Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту, ядролық қаруды таратпау ісіне қосылған маңызды үлес болып табылады. Біз сөйтіп осынау құндылықтарды әрдайым жақтайтынымызды тағы да қуаттай түстік. Ықыласпен тыңдағандарыңызға рахмет.