Біз біргеміз: Семейлік оқушылар қар күреуге шықты

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Біз біргеміз» акциясын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Біз біргеміз: Семейлік оқушылар қар күреуге шықты

«Ақылтай» балабақшасының ауласын қардан тазалауға білім ордасынан 30-ға жуық мұғалім мен 100-ге тарта жоғары сынып оқушылары шыққан.

«Биыл елімізде қар толассыз жауды. Осыған орай республикамыздың түкпір-түкпірінде «Біз біргеміз» челленджі өтуде. Шәкірттеріміздің осы шараға «біз де қатысайық» деген ұсынысына бірден қолдау таныттық», - дейді мектеп директорының орынбасары Лариса Әбілқасымова.

Оқушылар акцияны Семейдегі №7, 19, 22, 31, 39 мектептері мен Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жолдады.

Айта кетейік, елорда жастары әлеуметтік желіде өз күштерімен қар күреу челленджін бастаған болатын. Еріктілерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдады.