Біз - болашағы біртұтас халықпыз - М.Нағашыбаев, БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, Еуропа мен Азия құрлықтарының арасында, аумағының ауқымы жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын алып кеңістіктегі даңғайыр Ұлы Даланы мекен еткен қазақ елі сан ғасырлық сыннан өтіп, бүгінде шынайы тәуелсіздікке қол жеткізген, шекарасы мен аумағына ешкім көз аларта алмайтын мың сан ұлттың шырайлы атақонысына айналды.
None
None

Бүгінде тағдырлы даланы өз отаным, атажұртым деп ардақтайтын жүздеген ұлт өкілдері тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр бойы, бірлігі мен тірлігі, достығы мен татулығы жарасып, Қазақстанды бір отанымыз деп ардақтап, жарасымды өмір сүріп, бір мақсатқа жұмыла тіршілік етіп жатыр. Сонау өтпелі, тарихи таңдау жасалынған жылдардың өзінде Қазақстанға тұрақтаған көп ұлттардың басым бөлігі тарихи отанын іздеп, жөңкіле көшкен жоқ. Тек ат төбеліндей аз ғана ұлт өкілдері шекарадан әрі асты. Солардың көпшілігінің қазіргі кезде күн дидарлы Қазақстанды ойлағанда, ет жүрегі елжірейді екен. Қапысын тауып қайтып оралып жатқандары қаншама. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған алғашқы күндерден бастап, ұлттар мен ұлыстардың теңдігіне баса мән берді. Осы орайда БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаев өз ой-толғамымен былайша бөлісті.

Оның айтуынша, «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден - Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқығы; екіншісі - елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік.

Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.

Тәуелсіздіктің бастапқы ең қиын жылдарының өзінде халқымыздың кемеңгерлігі мен кемелділігінің, елдің Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген қайраткерлігінің арқасында Қазақстанда этносаралық жанжалдарға, қоғамның жікке бөлінуіне жол берілген жоқ.

Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісім мен татулық беки түсіп, елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне айналды.

Бүгінде Қазақстанды мекендеген барлық ұлт тегі басқа болғанмен, теңдігі бір, мақсаты ортақ біртұтас халыққа айналып, көк туымыздың астында бірігіп, туған жердің тұғырын асқақтатуда.

Бұдан жиырма жыл бұрын, Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында, біз ел бірлігінің ең бірегей және айқын жолын тауып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея әр кезде де уақытпен бірге қадам жасауда. Оның қолдауы біздің Тәуелсіздігіміз тарихының барлық тағдыршешті сатыларында шешуші болып келді. Мен бірлік пен топтасқандықтың қоғамның ең басты құндылықтары екенін қайталаудан ешқашан жалықпаймын. Соның арқасында біз экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын нығайттық, елдің болашағын көрсеттік», деп атап өткен болатын .

Ассамблея - бұл Қазақстанда тұратын әр этностың салт-дәстүрі мен мәдениеті, бұл ертеңгі күннің жарқын болуына деген сенімділік пен тұрақтылық!

2015 жылдың Елбасы Жарлығымен Қазақстан Ассамблеясының жылы болып жарияланғаны мәлім. Осы жылы еліміздің өміріндегі төрт бірдей өте мағыналы шараларды өткізу жоспарланды. Бұл - Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Осы шараларды жүзеге асыру бағытында «Менің елім - Мәңгілік Ел» тұжырымдамасы басты бағыт етіп алынып, Ассамблея жылы Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік және келісім саясатының жылы, халқымыздың жарасымды ынтымағы мен берекелі бірлігінің арқасында қол жеткізген жемістердің жылы, Тәуелсіздігіміздің рухын асқақтататын жылға айналды десек, артық емес.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ көп ұлтты мемлекетіміздің іргесі бекіп, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Кеңестік дәуірде 130-дан астам ұлттарды бір шаңырақ астына біріктіріп келген Қазақстан қиын-қыстау өтпелі жылдарда да халқынан шашау шығарған жоқ. Халық Елбасы Н. Назарбаев саясатының, мемлекеттік органдардың төңірегіне бұрынғыдан да топтаса түсті.

Шекараның шетінде, қос құрлықтың тоғысында жатқан Ақ Жайық өңірінде 90-нан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. БҚО ассамблеясының құрамында этномәдени, қоғамдық және діни бірлестіктердің басшылары, мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік органдардың, оқу орындарының, жастар бірлестіктерінің, кәсіпкерлердің өкілдері - небәрі 123 мүше бар. Соның ішінде 17 адам - Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері.

Облыс ассамблеясында 48 этномәдени бірлестік болса, соның 15-і облыс орталығы Орал қаласында. Шұғыл мәселелерді шешу мақсатында ассамблея кеңесі жұмыс жасайды. Ассамблея жанынан ғылыми-сараптамалық комиссия, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, БАҚ-пен жұмыс кеңестері құрылған. Ассамблеяның жастар қанаты бар. Ал аудандар мен ауылдық округтерде 163 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Зеленов ауданының Переметный, Теректінің Федоров кенттерінде Достық үйлері, ал басқа аудандар орталықтарында ассамблеяның мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруға арналған концерттік залдары бар арнайы орындар бөлінген. Орал қаласында Достық үйінің құрылысы жүріп жатыр.

Атаулы жылды өз деңгейінде, бірлік пен ынтымақты нығайтатын іс-шараларға толы жыл етіп өткізуге Ақ Жайық елінің жұртшылығы белсенді атсалысуда. ҚХА-ның «20 жылдыққа - 20 игілікті іс» акциясының аясында қайырымдылық, мәдени-ағарту іс-шаралары, соғыс және еңбек ардагерлерін ұлықтаулар жүзеге асырылды. 2015 жылғы ақпан айында басталған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы облыстың барлық ауыл және аудан орталықтарында өткізіліп, бір-біріне эстафета табыс етті. Мегажоба 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында облыс орталығында қорытындыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы облыс бойынша әр ауылда, аудан орталықтарында, кәсіпорындар мен ұйымдарда бір мезгілде, ұйымшылдықпен өткенін атамасқа болмайды. Бұл қоғамдық институттың рөлі мен маңызының зор екендігін білдіреді. Өңірде салтанатты түрде 9 республикалық жоба бастау алып, жүзеге асырылып жатыр.

Ақ Жайық жұртшылығы «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 игі іс» республикалық эстафетасының символы «Тайқазанды» қошеметпен қарсы алып, 80-нен астам игі істермен толықтырып, көршілес Ақтөбе облысына табыстады.

Ресей Федерациясының Батыс Қазақстанмен шектесетін бес облысында тұратын қазақ диаспораларымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Дәстүрлі мерекелерге өңірлерден өкілдер келіп, әлеуметтік-мәдени өмірдің түрлі аясында тәжірибе алмасып отырады. БҚО әкімінің жанында «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммунальдық мекемесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы жұмыс жасайды. Облыстық ассамблея бастапқы құрылған жылдары оның жанындағы 7 ұлттық-мәдени орталықтың 13 белсенді мүшесі болса, қазіргі таңда ассамблеяның 200-ден астам құрылымында 4 мыңнан астам белсенді азаматтар достық пен татулыққа дәнекерлік істер тындырып жүр. Тек биылдың өзінде облыстың жоғары оқу орындарында, 400-ден астам мектептерінде Ассамблея жылының ашылуына арналған бірегей ашық сабақтар өткізілді.

Ассамблея жылы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардан облыстың сот жүйесі де сырт қалып отырған жоқ. Облыс соттарында қызмет ететін жүзден астам судьяның 8-і өзге ұлт өкілдері болғанымен, олардың барлығы дерлік мемлекеттік тілді меңгерген. Сот мамандарының қатарында 20 өзге ұлт өкілдері бар. Олардың ішінде орыс, татар, украин, өзбек, шешен, неміс ұлттарының өкілдері бар және басым көпшілігі мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Мәселен, сот жүйесінде көптен бері қызмет етіп келе жатқан Сырым аудандық сотының кеңсе меңгерушісі, ұлты неміс Жанна-Мари Вебер қызметін жеткеші маманнан бастап, өзін-өзі үзбей шыңдаудың және іскерлігі мен қоғамдық белсенділігін таныта білгендігінің арқасында бүгінде аудандық соттың ең жауапты буынын басқарып отыр. Ол - мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері.

«Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының арасында жүргізілген сауалнама 2010-2014 жылдар аралығында өңірдегі этносаралық ахуалдың жақсы екендігін көрсетіп отыр. 2010 жылы сұрау салынғандардың 81,9 пайызы Қазақстанды өз Отаным десе, 2014 жылы елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің 95 пайызы, биыл 98,6 пайызы тағдырларын Қазақ елімен мәңгі байланыстырғандығын айтады. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институттық реформаның төртінші тармағы - болашағы біртұтас ұлт жоспарының келешегі зор екендігін білдіреді», - деп түйіндеді ойын М.Нағашыбаев.

Соңғы жаңалықтар