Біз Қазақстанның денсаулықты сақтау жолындағы барлық бастамаларына бар күш-жігерімізді саламыз - Буп Бен-хва

Бүгін елордадағы «Думан» қонақүйінде «Патологиялық жағдайлар терапиясында жаңа және дәстүрлі технологияларды қолдану тәжірибесі» тақырыбындағы I-ші Қазақстан-Корея семинары барысында Кореяның Денсаулық сақтау жіне индустрияны дамыту институтының президенті Буп Бен-хва осылай айтты.
«Алматы мен Астана қалаларында болғаныма бірнеше күн өтсе де, мен Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында алар ерекше орнын жете түсініп, осы мемлекетпен әріптестік байланыстарды орнатудың маңыздылығына көзім жетті. Алматыда өткен семинарлар барысында мен Корея мен Қазақстанның қаншалықты жақын екендігін сездім. Қазақстанда корей азаматтары бейбіт өмір сүруде. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынас белсенді түрде жүргізілуде. Сол себепті Қазақстан мен Корея арасындағы қашықтыққа қарамастан, Қазақстан бізге аса жақын ел болып табылады.
Мен денсаулықты сақтау саласында тең мүмкіндіктер болса екен деп армандаймын. Себебі дүниежүзіндегі әрбір елдің денсаулығы - барша әлемнің амандығына кепіл. Бүгінде Кореяда медицина саласындағы кәсіби мамандар мен жаңа технологиялар бар. Осының негізінде біз әлемдік денсаулық сақтау саласына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бүгінгі таңда біздің қазақстандық әріптестермен бастаған ынтымақтастығымыз өз жемісін беруде. Бұл әріптестік қарым-қатынастарымыздың күшеюіне ғана емес, достық байланыстарымыздың нығаюына өз септігін тигізеді деп білеміз. Өз кезегімде мен Қазақстанның денсаулықты сақтау жолындағы барлық бастамаларына бар күш-жігерімізді саламыз деп сөз беремін», - деді Буп Бен-хва.