Біз мәдени мұраны болашақта атамұраға айналдырумыз керек - өнертанушы Ж. Нәжімеденов

Мәдени саясат және өнертану институтының Дәстүрлі мәдениет және өнертану секторының меңгерушісі,өнертану ғылымының кандидаты, домбырашы, дирижер, ұстаз Жұмагелді Нәжімеденовті әңгімеге тартқан едік.
- Жұмагелді аға, Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын кешенді түрде зерттеуге не кедергі болып отыр?
- Мен ең алдымен кәсіби дирижермін. Консерваторияны және аспирантураны Шамғон Қажығалиевтен бітіргем. Ұзақ жыл көркемөнерпаздардан бастап, балалар мен кәсіби музыканттардың үлкен оркестрлерін басқардым. Оркестр - жалпы бірнеше аспаптан тұрады және олардың басын қосып ойнатқан кезде дирижер қай аспаптың дыбысының күштілігін және тембрін бірден байқайды. Оркестрлер симфониялық, үрлемелі, халықтық, деп аспаптарының түріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Бізде барлығы бар да қазақтың сіз айтқан 42 музыкалық аспабын біріктіретін ұлттық үлкен «қазақ оркестрі» жоқ. Олар зерттелмей, халық аспаптары деңгейінде ғана қалып қойған. Егер оны жан-жақты зерттеп қарастырсақ, олардың үні мына классикалық аспаптардың үнінен кем болмас еді. Ал скрипка, фортепиана, гитара сияқты аспаптардың акустикасы сан ғасырлар бойы зерттеліп, ғылыми негізде дамытылып содан кейін барып классикалық деген атауға ие болған.
- Зерттеу нысанасы етіп домбыраны таңдап алуға не түрткі болды?
- Қырымбек Көшербаев Мәдениет және білім министрі болып тұрған кезде 1998 жылы Мәдени саясат және өнертану институты құрылғанда оның жанынан арнайы акустика зертханасын ашып берген болатын. Өкінішке қарай, біздің қолымызда ешқандай арнайы техника не технология болмады. Сондықтан зерттеуді қолымызға түскен нәрсемен тек 2004 жылдан кейін ғана бастадық. Зерттеу нысаны етіп домбыраны таңдауға оның халықтың ішіндегі ең кең таралған аспап болуы түрткі болды. Жұмыс кезінде қойдың немесе ешкінің ішегін тағып, бос бұралған домбыраның қоңыр үнін микрофон арқылы компьютерге түсіріп, оны арнайы бағдарламасымен зерттедік. Бұл жерде амплитудалық тазалық сипаттамасы, тембр, диапазон, дыбыстың бәрі сараланды. Одан кейін балық аулайтын қармақ жіп таққан қазіргі домбыраның үнімен салыстырылды. Оның акустикасын тексеру арқылы домбыраның дыбысының шкала диапазонын таптық. Сонда біздің көзіміздің жеткені Дина шешеміз, Әбікен Қасеневтің дәстүрлі домбыраларының бұрынғы үні санмен айтатын болсақ, 90 герцтен басталады екен. Қармақ жіп тағып, еуропалық бұрауға ауып кеткеннің кесірінен домбырамыздың үні күрт өзгеріп, жасанды үнге қарай ауып кеткен. Дыбысы қатты, тембрі сұйық, үні 146 герцтен басталады. Ал еуропаның классикалық аспаптарының үні 200 герцтен басталады. Ал этнограф Жағда Бабалық тапқан, 6 мың жыл бұрын тасқа қашалған домбыраның сыртқы формасы ғана сақталып, 1950 жылдардың аяғынан бастап дәстүрлі қоңыр үні жойылған. Дина шешеміз бен Әбікен Қасеновті дәстүрлі қоңыр үнді домбыра ойнаушы домбырашылардың соңғы өкілі деп айту керек.
- Басқа аспаптарды да осылай біртіндеп зерттеу нысанына айналдыруға болма ма?
- Кейбіреулер айтатын көрінеді мына Нәжімеденов домбыраны қашанға дейін зерттей береді, басқа аспаптарды да зерттемей ме деп. Бұл тағы технологияға, қаржыға тіреліп тұр. Егер мүмкіншілік болса біз алдымен домбыраны мемлекеттік стандартқа жеткізуміз қажет. Болат Сарыбаев ағамыз 30-ға жуық халық аспаптарын жинап, кітап қылып шығарды. Бірақ ол кісі өз мүмкіндігіне қарай домбыраның қақпағына ғана эксперимент жасап көріпті Ленинградқа жіберіп. Оны қақпағы, шанағы, мойыны ғана емес, құрылымы, өлшемдері, тіпті пайдаланған бояулары мен акустикасына дейін толық зерттеу керек. Мысалы скрипка акустикасының зерттелгеніне 300 жыл болды. Оған қазір де зерттеу жүріп жатыр. Біз 2004 жылдан бастап зерттей бастадық. Түсінген адамға ғылымның басы бар да шегі жоқ.
- Бұл жұмысқа қажетті мамандарды қалай дайындауға болады?
- Мамандар дайындау мәселесін шешу үшін алдымен база құру керек. База болмай шәкірт дайындау қиын. Акустика - ауадағы дыбыстың немесе жарықтың тербелу жиілігін зерттейтін ғылым. Ауызша айтып, қолмен жазып жасай алмайсың. Ол арнайы заманауи технологиямен зерттеледі. Ол қолымда болса, белгілі зертхана базасы болса, онда мен шәкірт дайындаймын.
- Оны консерваторияның базасында жасап, қолға алуға болмай ма?
- Консерватория басшылары бұл мәселені жақсы біледі. Консерватория жанынан зертхана ашу керек шығар деп ректордың алдына мәселе қойғам. «Иә» деген, алайда одан бері 4-5 жыл өтіп кетті. Мәдениет министрлігі де біледі. Домбыраны зерттеуді бастағаным рас. Бірақ қолымда қажетті технология болмағаннан кейін бәрін түгел қатырып зерттеп жатырмын деп айта алмай жүрмін. Былтыр "Домбыраның қоңыр үні" деген 3 тілдегі кітабым шықты. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде. Ол аспаптардың акустикасын зерттеуге арналған әлемдік кітапханалардың сөресіндегі кез-келген еңбектің қатарында еркін тұра алатын, Қазақстанда жарық көрген музыкалық ғылыми кітап деп айта аламын.
- Егер қисынға жүгінсек, консерватория ең алдымен қазақтың ұлттық музыкасын зерттеуі керек қой?
- Бұл еуропалық білім беру жүйесіне көшкендіктің кесірі деп ойлаймын. Біз еуропалық білім алма, оның аспаптарымен айналыспа деп отырған жоқпыз. Елбасы айтқандай 50 елдің қатарына қосылып, әлемдік деңгейге көтерілу үшін әуелі өзімізді өзгелерге таныта білу керек. Бізде өкінішке қарай, бәрі керісінше боп жатқан сияқты. Мысалы консерватория бірнеше жыл бұрын 1 миллион долларға орган сатып алды. Ол менің ойымша, бізде мынандай аспап бар деп көрсету үшін тұрған сияқты. Кезінде үкіметтің бір басшысы ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрып, мынадай ақшаға 100 мектеп салдыруға болады деп айтқан еді. Жалпы орган христиан дінінің салттық рәсімдерді өтеу кезінде қолданылатын музыкалық аспабы саналады. Осы арада мына жайт еріксіз есіме түсіп отыр. "Чудеса" деген энциклопедияны қарап отырып бір материалға тап болдым. Оқып көрсем, бір театрдың режиссер, музыкантары органға тәжірибе жасап көріпті. Олар аспаптың дыбысы 13 герцке түскен кезде адамның ақылы мен санасына әсер етеді. Ал ол 7 герцке дейін төмендеген кезде адамның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін дейді. Жалпы дыбыстың ауада таралу толқындары инфра дыбыс, адам құлағы еститін және ультра дыбыс деп, 3 түрге бөлінеді. 0-15 герцке дейінгі аралықтағы инфра толқынды адам көбіне естімейді, тек сезеді. Ал 15 герцтен 20 мың герцтің арасын адамның құлағы естиді. 20 мың герцтен жоғарғы ультра дыбыс қазір көбіне медицинада қолданылып жүр.
- Ұлт аспаптарын зерттеп, тануға мүмкіндік беретін сіз жоғарыда сөз еткен акустика зертханасын ашу үшін қанша қаражат керек?
- Біздің акустика зертханасын ашу керек деп айтып келе жатқанымызға 10 жыл болды. Мынадай қаржы керек деп жылда министрлікке өз жобамызды береміз. Алайда нақты шешім қабылдар кезде ылғи бюджетте оған қажетті ақша жетпей қалады. Оған алғашқы кезде 50 миллион теңге керек. Ол домбыраға дәстүрлі қоңыр үнді қайтаратын қой мен ешкінің ішегін иіретін станок пен басқа да техникалық жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Егер зерттеу жұмысы нәтижелі болып жатса, содан кейін зертхананы жетілдірудің келесі сатыларын өтпекпіз. Біз балық аулайтын қармақ жіппен алысқа бара алмаймыз. Кеше Қаршекең 600 домбырашының басын қосып ойнатып жатыр. Ол өте дұрыс. Біз қолдаймыз. Бірақ оның ұлттық үні жоқ. Гиннес кітабына кіру жақсы. Әйтсе де оған біз қазір кірсек, ертең домбыраның қоңыр үні зерттелетін болса, тағы кіруге тура келеді. Осы жағын ойлану керек. Егер бізге мүмкіндік беріп, жол ашатын болса, оны да жүзеге асыруға болады. Зертханада тек музыканттар емес, ғылымның өзге салаларының өкілдері де жұмыс істейді. Жобаға техника мен физика-математика ғылымының докторларын кіргізіп отырмыз. Біз дайынбыз.
- "Мәдени мұра" бағдарламасында ұлттық аспаптарды зерттеп, насихаттау жағы ескерілген бе?
- Қазақстанда тарихы 6 мың жылдан асқан ешбір жәдігер жоқ. Тарихшылар 2500 жыл бұрынғы алтын адамды айтып, одан 4 мың жыл бұрын тасқа қашалып салынған домбыраны ескермей жүр. Ол өкінішке қарай, әлі күнге дейін мәдени мұраға кірген жоқ. Біз мәдени мұраны болашақта атамұраға айналдырумыз керек. Қазір "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша археологиялық қазба байлықтар табылып жатыр. Шетелдің классиктерін аударып жатырмыз. Былтыр Әл-Фарабидің "Музыканың ұлы кітабын" аудардық. Бірақ ол әлі толық емес деп есептейміз. Оның бірінші, не екінші кітабы жоқ. "Музыканың ұлы кітабы" бүкіл әлемге, музыка саласынан үлгі болған кітап. Еуропада ол 14 ғасырда латын тіліне аударылды. Бірақ өкінішке қарай, олар Әл-Фарабидің кітабын дұрыс түсінбей, қазір ноталық дағдарысқа жеткізді. Біз де қазір Еуропаның жасаған теориясымен келе жатырмыз.
- Музыканы нотамен және сандық технологиямен үйретудің айырмасы қандай?
- Нота жадыға салып ойнау үшін керек шығар. Бұл жерде біз әрбір дыбысқа да көңіл бөлуіміз керек. Дыбыс дегеніміз толқын. Үннің ішінде барлық ғылым саласы бар. Ақиқатты ғылым ғана шеше алады. Еуропаның қазіргі 12 дыбыстық тең темперасиялық бұрауы Әл-Фарабидің таза бұрауына керісінше жасалған. Әл-Фарабидікі таза бұрау деп айтылған себебі - әр дыбысы таза және құлаққа таза естіледі. Қазіргі Еуропаның 12 дыбыстық бұрауының біреуі таза емес. Біздің құлағымзға фальш естіледі. Ол санаңды, ақыл ойыңды өзгертеді. Біреу нотамен 3-4 айда 1 күй үйрене алмайды, ал сандық ғылыми тәсілмен жарты сағаттың ішінде ойнап кетуі мүмкін. Егер бұл тәсілді дұрыс мән беріп, қолданатын болса, елімізде домбыра ойнамайтын бірде-бір қазақ болмас еді. Қазір құдайға шүкір, балалар домбыраға бет бұрып келе жатыр ғой, бірақ бұл әлі аз. Сондықтан мектептегі ән сабағынан беретін мемлекеттік стандарт бағдарламасына сандық тәсілді кіргізетін уақыт келді деп ойлаймын. Барлық баланың музыкант болуы міндет емес, олардың ішкі жан дүниесін өсіруге ықпал ете алсақ, ең маңыздысы осы. Қазіргі әлемдік дағдарыс та рухани байлықтан материалдық байлықты жоғары қоюдан болып жатыр. Кейбір ғалымдар оны ақша-тауар қатынасынан деп айтып жүр. Бұл басты себеп емес. Ол рухани құлдырау мен дағдарыстан туындаған жайт. Қашан біздің үлкен мемлекеттер рухани байлыққа бет бұрады солай адамзаттың өмірі түзеледі.
- Сандық технологияның жетістігін тарқата түссеңіз?
- Домбыраны үйретудің сандық тәсіліне авторлық құқығымды алғанмын, 20 жылдан астам уақыт қолданып келем. Ол кітап осы уақытқа дейін 4 тілде 6 рет басылып шықты. Облыстық, қалалық білім жетілдіру институтында ән сабағы мұғалімдері мен мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарларына күніне 8 сағат қазақ-орыс тобына тұрақты дәріс оқып тұрам. Оның соңғы 2 сағатында сандық ғылыми тәсілге көңіл аударам. Сонда менің таңғалатыным - өмірі қолына домбыра ұстамаған басқа ұлт өкілдері осы дәрістен кейін аспапты ойнап кетіп жатыр. Мысалға орыстың "Во саду ли, в огороде..." деген халық әнін сандық тәсілмен домбыраға салып қойдым. Кейде әзілдеп күлем, кімде-кім екіге дейін санай білсе, бұл әнді ойнай алады деп. Облыстық білім жетілдіру институтында оқыған жасы 50-ден асқан орыс әйелі: "Менің мамандығым аккордеоншы. Оны ойнау үшін мектепте 5 жыл, институтта 5 жыл оқыдым. Сонда да әлі күнге дейін өте жоғары деңгейде ойнаймын, деп айта алмаймын. Ал сіздің сандық ғылыми тәсіліңіз арқылы 5-10 минутта мына әнді меңгеріп кеткеніме таң қалып отырмын және домбыраны өмірімде 1-ші рет қолыма ұстап отырмын" - деп, өз таңданысын жасыра алмады. Интернеттің www.internettv.kz бейне сайтынан осы айтқанды көре аласыз. ҚР әнұранын да домбырамен өзін өзі демеп айтып отырған ұстаздарды да сол жерден көруге болады. Ал 2005 жылы облыстық білім жетілдіру институтының әдіскерімен бірге Текелі қаласына 2-3 күнге семинарға барып қайттым. 30-50 жас аралығындағы өзге ұлттың скрипкашы, баяншы, пианист деген сияқты түрлі музыкалық аспаптар бойынша 15 оқытушылары жиналыпты. Онда музыка мектебі бар екен. 15 домбыра алдырып, жарты сағатта 2 ән үйретіп, оркестр құрдым. Қуанышты жүздерін көрсеңіз сондағы. Бәріміз мәз болып шулап отыр едік, сырттан әдіскер мен директор кіріп келді. Семинарға жиналған мұғалімдердің домбыра тартып, ән салып отырғанын көріп шошып кетті. Сол арада «ойбай, мынау сенсация ғой» деп біреуі тұра жүгірген, бір кезде Талдықорғаннан "Жетісу" телеарнасынан 2 журналист пен 1 оператор келе жатыр дейді. Қысты күні болатын, 20-30 минутта келіп, бейнекамераға түсіріп, мұғалімдерден сұхбат алды. Сонда журналист 50-дегі бір орыс әйелден бұл әдістемені қалай қабылдайсыз деп сұрады. Ол «домбырада ойнаудың бұл әдістемесі ұлттарды бір-біріне жақындатады екен. Ешбір саясатсыз-ақ, домбыра арқылы біз бір-бірімізді түсінісе алады екенбіз», деді. Ал жасы 50-ден асқан ұлты неміс бір ер адам «мынау әдістемені мен енді болашақта балалайкаға қолданам" дегенді айтты. Сол күні бұл арнаның кешкі жаңалықтарынан көрсетілді. Өткенде сол ансамблдің бір мүшесі Алматыға келген екен, білім жетілдіру курсында дәріске қатысты. Сонда ансамбльдері әлі күнге дейін бар екенін айтты. Наурыз бен басқа мерекелерде 15 адам домбырамен Текелі қаласында тұрақты концерттерге қатысып ойнап жүрміз дейді. Ал домбырамен Құрманғазының "Сарыарқасына" дейін ойнап үйренген американдық Дэвид Брендті 3-4 жыл бұрын Алматыдағы барлық телеарна көрсетті. Ол тіпті сандық тәсілмен "Менің Қазақстанымды" әнұран болмай тұрғанында домбырада ойнап, өзі айта беретін. Бірде Қазақтың Қ. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетіндегі Машани атындағы гуманитарлық институттың шақыруы бойынша дәріс оқуға бардым. Соңында жаңағы жігіт Құрманғазының "Адайын" ойнап, "Менің Қазақстанымды" айтқан кезде залда отырған 500 адам орнынан атып тұрып, қол соғып, бірге қосылып айтты. Содан екі айдан кейін бір қызығы, ол әнұран боп бекітілді. Сондықтан бүкіл қазақ домбыра ойнап, қосылып шырқайтын күн жақындап келе жатыр деп ойлаймын. Арманым - елімізде жасалған сандық технологияның жетістігі қазақ халқының игілігіне айналуы. Егер ашқан бірен-саран жаңалығымыз халықтың кәдесіне жараса, бұдан асқан бақыт жоқ шығар деп ойлаймын.
- Арманыңыздың жүзеге асуына біз де тілектеспіз. Еңбегіңіз жемісті болсын.