15:47, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Біз осындай конференциялар өткізіп, атқарған жұмыстарымызға есеп беріп тұруымыз керек ? Қуаныш Сұлтанов
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында өткен «Нұр Отан» ХДП халықтық сенім партиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов қатысып, өз ойларын ортаға салды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Біз бүгін жақсы бір ниетпен бас қосып, осы 10 жылда біздің азаматтық-қоғамдық құрылыстың жүріс-тұрысына бас партиямыздың әсері мен ықпалы, беделі мен ел арасындағы жұмысы қандай деген мәселелерге сараптама жасауға жиналдық. Біз осындай конференциялар өткізіп, атқарған жұмыстарымызға есеп беріп тұруымыз керек. Ол тек қол жеткізген жетістіктер ғана емес, сонымен бірге нені түсіне алмай жүрміз, неге қолымыз жете алмай жүр деген мәселелерге назар аударғанымыз дұрыс болар еді», - деп атап өтті конференцияда Қуаныш Сұлтанов. Сонымен бірге, Қ.Сұлтанов конференцияда тіл мәселесін де сөз етті. «Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарында бізді жиі сынға алады. Оны мойындау керек. «Қазақ тіліне «Нұр Отан» партиясы жаны ашымайды» немесе «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде «Нұр Отан» партиясы көтеруге мән бермейді» деген сөздер кездесіп жатады. Осының бәрін болашақта ескеріп, оларды қолға алу керек», - деп қадап айтты комитет төрағасы.