Біз Сербияны Балкандағы негізгі әріптесіміздің бірі деп санаймыз - Нұрсұлтан Назарбаев

БЕЛГРАД. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Сербия арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Бүгін Сербия Президенті Томислав Николичпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келісссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
None
None

«Ең алдымен Сербия Республикасының Президенті Томислав Николич мырзаға шақырғаны үшін, Қазақстанға көрсеткен қонақжайлылығы үшін шын жүрегімнен алғысымды айтамын. Биылғы жылы Қазақстан өзінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Біз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығын да атап өтеміз. Осынау атаулы кезеңде кездесіп отырғанымыз біздер үшін өте маңызды. Біз Сербияны Балкандағы, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы негізгі әріптесіміздің бірі деп санаймыз. Екі елдің арасында ешқандай саяси жағынан, басқа да жағынан келіспеушілік деген мәселе жоқ. Сондықтан бұл елмен сауда-саттық жасап, достықты нығайту Қазақстан үшін өте қажет және пайдалы», - деді Елбасы.

Себебі, Мемлекет басшысының пайымынша, екі елдің арасындағы экономика бір-бірін толықтыра алады.

«Сербия ауыл шаруашылығынан, көкөністен, басқа да өнімдерден, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөнінен Еуропадағы алдыңғы қатарлы елдің бірі саналады. Сербияда инвестиция мен инновация жөнінен жетістіктер өте көп. Сондықтан біз бұл елмен сауда-саттық жасаудың жаңа саласын ашайық деп отырмыз. Өткен келіссөздерде, делегациялар арасындағы келіссөздерде, меніңше, көп нәтижелерге қол жеткіздік. Негізгі мәселе - екі елдің арасындағы сенім. Дүниедегі қазіргі тұрақсыздық жағдайында бірауыздан пікір алысып, дүние жүзінің ахуалын түзетуге үлес қосу екі елдің мүддесі саналады», - деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар