Біз шикізаттық емес өндірісті дамытуға мән береміз деп талпынып отырған елміз - Елбасы

АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Біз шикізаттық емес өндірісті дамытуға мән береміз деп талпынып отырған елміз. Бүгін Астанада өтіп жатқан минералды ресурстар мен металлургия саласындағы алғашқы қазақстандық халықаралық "ААМ 2010" конгресінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
None
None


Минералдық ресурстар мен металлургияның өзекті мәселелері талқыланатын бүгінгі конгресс жұмысының еліміз үшін маңызы өте зор екендігін атап өткен Елбасы: «Біз бүгінде индустрияландырудың 5 жылдығына аяқ бастық. Жауапты кезеңде тау-кен кешені алдында жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнім өндіруді 2008 жылғы деңгейден екі есеге арттыру міндеті қойылды. Оны ойдағыдай орындауға қажетті жағдайдың бәрі жасалып отыр. Тау-кен саласы, елімізде экономиканың басым бөлігін құрайтын металлургия секторы ғылыми-техникалық жағынан бұрынғыдан әлеуетті», деді.

Мемлекет басшысы, дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайтындығын, инновацияны барынша дамытып, жаңа технологияларға арқа сүйеуіміз қажеттігін баса айтты.

«Біз шикізаттық емес өндірісті дамытуға мән береміз деп талпынып отырған елміз. Сонымен бірге ресурс сақтауды, металды қайта пайдалану арқылы кірісті арттыруды, минералдық шикізатты кешенді түрде пайдалануды ұмытпағанымыз абзал», деді ҚР Президенті.

Минералды ресурстар мен металлургия саласы алдында осындай келелі міндеттерден туындайтын кешенді мәселелер тұрғандығын жеткізген Мемлекет басшысы, «түптеп келгенде, сала елдегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алдыңғы сапында болуы қажет. Бұл сіздерден үлкен жауапкершілік пен ізденісті, қажырлы еңбекті талап етеді», деді.

Соңғы жаңалықтар