Біз түбіміз бір түркі ағайындар жергілікті қазақтармен біте қайнасып кеткенбіз - Г.Гейдарова
Қызылорда облыстық түрік этномәдени орталығының төрайымы Гүлшін Гейдарова осылай дейді.
«Облыстағы түрік ағайындардың дені Қармақшы ауданы «ІІІ Интернациональ» ұжымшарынан шыққан. Жалпы Сыр өңірінде мың жарым түрік ұлтының өкілі тұрып жатыр. Біздер де қоғам өмірінен тыс қалмай, қай салада болмасын белсенділік танытып келеміз. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауларын бас қосып талқылап отырамыз. Ауылдарда мектеп оқушыларымен кездесіп, бүгінгідей тыныш өмірдің, мызғымас тұтастықтың мәнін ұғындыруға тырысамыз. Мектептегі түрік оқушыларының бәрі де қазақ тілінде білім алады. Олар өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінен өтетін олимпиадалардан жүлдемен оралып жүр. Сондай-ақ , 1 мамыр секілді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі кезінде бас қосып жарқын өмірімізді әңгіме өзегіне айналдыру дағдыға айналған. Басқа этномәдени орталықтармен де жақсы қарым-қатынаста болып, мейрам сайын басқосу үрдісі қалыптасқан. Жыл сайын көрші Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарындағы мәдени орталықтарға барып тұрамыз, олар да бізде қонақта болып, араласып тұрады. Өзім 2002 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Қайда барсақ та мақтан ететініміз - Қазақстан деген туған Отанымыздағы достығы жарасқан ұлттардың ынтымағы. Елімізде түрік ұлтынан шыққан ғалымдар мен ұстаздар, білікті дәрігерлер мен өзге де саланың елге танымал азаматтары аз емес. Соның барлығы елдегі татулықтың, бірліктің арқасы, бүгінгі таңдағы басты құндылығымыз да осы емес пе?!» - дейді Гүлшін Гейдарова.
Гүлшін 18 жылдан бері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет атқарады. Өнегелі отбасында екі ұл өсіріп отыр. Қазірде университеттің халықаралық байланыстар басқармасының бас маманы боп жұмыс істейді.
«Түркияға жол түсіп бара қалсам, Сыр бойына асығамын да тұрамын. Мұндай даласы да, адамдары да кең өлке жер бетінде жоқ қой», - дейді Гүлшін.