Біз үшін Біріккен көліктік-логистикалық компанияны құру аса маңызды жоба болып саналады - А.Мамин

Осы орайда Қазақстан үшін Біріккен көліктік-логистикалық компанияны құру аса маңызды жобалардың бірі болып саналады. Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Қазақстан - Жаңа Жібек Жолы» атты II Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумның пленарлық мәжілісінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин мәлім етті.
Оның хабарлауынша, Біріккен көліктік-логистикалық компания - бұл Кедендік одаққа мүше Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінің ортақ жобасы. Оның аясында бірыңғай сапа стандарттары мен баға саясаты жүргізіліп, жаңа технологияларды қолдану жұмысы бақыланбақ. Жалпы, компания үш елдің көліктік дәліздері бойымен инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударатын болады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминнің сөзіне қарағанда, Біріккен көліктік-логистикалық компания Азия мен Еуропа арасындағы контейнерлік жүк айналымын теңіз қатынасынан теміржол тасымалына ауыстыруды көздейді. «Бұл компания Азия мен Еуропа арасындағы контейнерлік жүк тасымалының біраз бөлігін Қазақстан арқылы жүргізуге мүмкіндік береді деген сенім бар», - деп атап көрсетті А.Мамин.
Айта кетейік, өткен жылы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 25-отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жаңа Жібек Жолы» атты көліктік-логистикалық жобаны іске асыруды ұсынған болатын. «Қазақстан өзінің тарихи рөлін қайта қалпына келтіруге тиіс, ол Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік бір көпірге - Орта Азиялық аймақтың ірі іскерлік және транзиттік хабына айналуы қажет. Осынау мега-жобаны іске асырудың нәтижесінде 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк ағынының ауқымы 2 есеге дерлік өсуі тиіс», - деген еді Мемлекет басшысы. Осыған орай, аталған жобаны іске асыру жолдарын ұсынып, Үкіметке тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.