13:01, 02 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бізде дағдарыстан лайықты шығудың ғана емес, ел азаматтарының әл-ауқаты мен ел экономикасының өсуін қамтамасыз ететін мүмкіндіктердің бәрі бар - депутат Рамазан Сәрпеков
АСТАНА. Қаңтардың 2-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, белгілі заңгер Рамазан Сәрпеков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында заң шығару қызметінің ерекшеліктері, еліміздің экономикалық дамуы, алда тұрған міндеттер жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
? Рамазан Құмарбекұлы, депутаттар корпусы Мәжілістің екінші сессиясы барысында қандай заң жобаларын талқылауға баса мән берді? - Өзіңіз білесіз, заң жобаларымен жұмыс жасау жеңіл үдеріс емес. Кейде көлемі аздаған заң жобасына уақытты көп жұмсауға тура келеді. Ал екінші сессияда қаралған заң жобаларының ерекше болғаны рас. Қыркүйектің 2-сі күні сессияның ашылуында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру, ел экономикасының, әлеуметтік және саяси салаларының дамуындағы тұрақтылықты сақтау жөніндегі бағытты заңнамалық тұрғыдан дер кезінде қамтамасыз етудің қажеттігіне ерекше тоқталды. Және де осы мәселелерге орай маңызды заңдарды қабылдау жөнінде Парламент пен Үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Мәжіліс депутаттары осы сарабдал бағытты басшылыққа ала отырып, заң шығару қызметінің сапасын одан әрі жетілдіруге, көкейкесті заңдардың дер кезінде қабылдануына баса мән берді. Заңдардың келешегі мол әрі ұзақ мерзімді қолданылуын қамтамасыз ету, аса маңызды қоғамдық қатынастар мен өмір құбылыстарының толық қамтылуы үшін сессияның басынан бастап жұмыс мейлінше жоғары қарқынмен басталды. Осы бір қысқа мерзімде, яғни, төрт ай ішінде Мәжіліс 60-тың үстінде заң жобасын талқылап, мақұлдады және оларды Парламент Сенатына жіберді, олардың көпшілігіне Президент қол қойды. Жұмыстың тиімді жүргізілгенін Палатаның бірінші сессиядағы қызметімен салыстырып көруге болады, онда он ай ішінде 71 заң жобасы қаралып, мақұлданып, Парламент Сенатына жіберілген болатын.2008 жылғы қыркүйектің 2-сі мен 2009 жылғы қаңтардың 1-і аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне барлығы 90-ға жуық заң жобасы келіп түсті. Бұған қоса алдыңғы сессиядан Палата қарауына ауысқан 66 заң жобасымен қоса жұмыс жүргізілді.? Жаңа жылға дейінгі қабылданған заң жобаларының ішінде қайсысына ерекше тоқталар едіңіз?? Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларының арасында ел дамуының қазіргі кезеңі үшін стратегиялық тұрғыдан ең маңыздылары ? Салық және Бюджет кодекстері, сондай-ақ 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджеттің жоспары. Осы заңнамалық актілердің маңыздылығы ескеріліп, заң жобаларын әртүрлі сала мамандарын, Қоғамдық Палата сарапшыларын, уәкілетті мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың өкілдерін тарта отырып қарау мен талқылау рәсімдерінің барлық элементтері сақталды.Бұл заң жобалары Мемлекет басшысының 2008 жылғы ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру ? мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленген. Бұлар экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға, бизнестің «көлеңкеден» шығуына ықпал етуге тиісті құқықтық актілер еді. Палата Салық Кодексін де, оған қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екі оқылымда мақұлдады. Заң жобаларымен жұмыс барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары кодекс жобасында көзделмеген көптеген тұжырымдамалық ұсыныстар енгізді. Жаңа салық салу тәртібін өзгертуге преференциялар енгізуге және басқа мәселелерге қатысты 1500-ден астам ұсыныс берілді. Кейбір санаттардың салық салынбайтын табысының жоғарғы шегі өсіріліп, пайдалы қазбалар өндіру салығының ставкалары қайта қаралды. Салық үдерісін тұтастай жақсартатын және оның барлық тараптарының мүдделері көзделетін басқа да нормалар енгізілді. Үш жылдық кезеңге арналған бюджетті орташа мерзімді жоспарлауға және қалыптастыруға көшу, бюджет үдерісіне қатысушылардың өкілеттілігін нақтылау және тәптіштеу нормаларын кодекс жобасының негізгі жаңалықтары деп тануға болады.Республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттер жыл сайын өзгерістер енгізу рәсімі бар «өзгермелі үшжылдық» режімінде жасалып, қабылдануға тиіс. Бұл ірі жобаларды қолданыстағы және қабылданатын міндеттемелер бөлінісі негізінде жоспарлауға мүмкіндік береді. «Мемлекеттік қызмет көрсету» ұғымы енгізіліп, тиісті бюджеттердің мемлекеттік қызметтер көрсетуге және мемлекеттік функциялар мен өкілеттіліктерді жүзеге асыруға арналған шығыстардың ара-жігі ажыратылды. Депутаттар кодексте әрбір мемлекеттік орган басшысының бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жеке жауапкершілігін күшейтуге баса мән берді. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларына, сондай-ақ оның Жарлығымен бекітілген Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес әзірленген үшжылдық республикалық бюджет заңының жобасында халықтың табысын арттыру жөнінде берілген тапсырмалар барынша ескерілді. ? Жаңа жылда халқымыз осы үш жылдық бюджетен қандай жаңалықтар күтеді?? Мәжілісте республикалық бюджетті талқылау өте қызу өтті. Нәтижесінде бюджеттің шығыс бөлігі 26,2 млрд. теңгеге республика азаматтарының әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік бағыты бар серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты іс-шараларды, сондай-ақ «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасында айқындалған мақсаттарды орындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты өсіріліп отыр.Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері биыл ? 25 пайызға, келер жылы ? 25 пайызға, ал 2011 жылы ? 30 пайызға көбейтіледі. Базалық зейнетақы төлемдері 2011 жылға дейін ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 пайызға жеткізілетін болады. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері биылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9 пайызға ұлғайтылатын болады. Бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында көп балалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2012 жылға дейін төртінші және одан кейінгі балалардың туылуына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтіледі. Бала бір жасқа толғанға дейін оны күтіп-баққаны үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы орташа алғанда 2,5 есе көбейтіледі. 2010 жылы әлеуметтік төлемнің жаңа түрі ? мүгедек баланы тәрбиелейтін ата-анаға, қорғаншыларға берілетін жәрдемақы енгізіледі. Сонымен бірге, үш жылдық бюджет 2012 жылға дейін бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есе, соның ішінде биыл 25 пайызға, 2010 жылы 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға және «Нұр Отан» партиясының ұсынысы бойынша оқушы жастар стипендиясының мөлшерін де осындай тәртіппен кезең-кезеңімен арттыру көзделді. Биылдан (2009) бастап зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы алатын мамандар тізбесі кеңейтілетін болады. ? Қаржы саласына тоқталып отырсыз. Енді осы орайда әлемдік қаржы жайлы қандай ойларды алға тартар едіңіз? Өткен жылы елімізде жүзеге асырылған іс-шаралар Қазақстанда қаржы дағдарысын болдырмауға жеткілікті ме? ? Бүгінгі жаһандану кезеңінде жеке бір мемлекет басқалардан бөлініп, ерекше өмір сүріп, экономикалық даралану жолымен жүруі мүмкін еместігін соңғы кездегі экономика саласындағы дағдарыс дәлелдеп берді. Алғашқы болып мұхиттың арғы жағындағы елдерде орын алған қаржы дағдарысы көзді ашып-жұмғанша бізге де жетті. Елбасының ерекше көрегендігінің арқасында біздің мемлекетіміз мұндай қиын сынау кезеңіне қарсы тұра алатынын және өз экономикасын тұрақты ұстауға қабілетті екенін дәлелдеп отыр. Алайда, қазір бұл кезең қай уақытқа дейін созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Елбасы дағдарысты жеңіп шығу стратегиясын баяндап, Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа мемлекеттік органдарға банктік өтімділікті, экономиканы қолдауға, инфляциялық үдерістерді тоқтатуға бағытталған кешенді шараларды жедел әзірлеп, іске асыруға тапсырма берді. Соның нәтижесінде 2007-2008 жылдары экономиканы қолдауға 540 млрд. теңге немесе 2008 жылғы болжаған елдің жалпы ішкі өнімінің 3,5 пайыз көлемінен артығы бөлінді. Тұрғын үй құрылысын тұрақтандыруға 175 млрд. теңге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын дамытуға 2008 жылға 135 млрд. теңгедей қаржы бөлінді. Сол сияқты биылғы жылға кіші және орта бизнесті қолдауға барлық көздерден 165 млрд. теңгеден артық қаржы бөлінді. Одан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында осы жылдың екінші жартысынан бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 пайызға, ең төменгі зейнетақы төлемдер мөлшері 24 пайызға көбейді. Бұдан басқа Президенттің тапсырмасымен бірінші кезектегі шараларды қаржылай қамтамасыз ету үшін Үкіметке Ұлттық қордан және келісілген тұрақтандыру бағдарламасына 1 триллион 200 миллиард теңге (10 млрд. АҚШ доллары) көлемде қаржы бөлінді. Бұл қаражаттан бөлек, екінші деңгейдегі банктерге ең төменгі резервті талаптарды азайту есебінен 4 млрд. АҚШ доллар босатылады және Стресс активтері қорына 1 млрд. АҚШ долларына дейін қаржы бөлінеді. Осылайша экономикаға қосымша 15 млрд. АҚШ доллары құйылады.Президент осы жағдайды ескере отырып, мемлекеттік активтерді біріктіру, экономиканы және оның мұнай-газ секторы, металлургия, химия, мұнай химиясы, инфрақұрылым сияқты салаларын біріктіру тұрғысында аса ірі екі мемлекетік холдинг «Қазына» мен «Самұрықты» біріктіру негізінде жаңа холдинг «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Елбасы Үкімет пен әкімдерге Тұрақтандыру бағдарламасы аясында әр түрлі қосымша инвестициялық және өңірлік бағдарламаларды іске асыру арқылы халықтың табыстарын арттыру және жұмыспен қамту жөніндегі шараларды тиісті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етіп, іске асыруды тапсырды.
Өткен жылы жүзеге асырылған осы ауқымды шаралар әлемдік қаржы дағдарысының әсерін болдырмау бағытында жасалған нақты қадам деп есептеймін.? Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бұдан да қиын кезеңнен абыроймен шыққан елміз. Бұл жолы да қаржы қиындықтарынан халық қиналмай, еліміз еңселі күйінде шығатынына кәміл сенесіз бе?- Бұл әлемдік дағдарыс ауқымы жөнінен соңғы жетпіс жылдағы ең үлкені болғанымен, біздегі бүгінгі мүмкіндіктер де басқаша. Елде Ұлттық қор даму институттары, ұлттық компаниялар, тұрақты экономика құрылды және кәсіби мамандар тәрбиеленді. Бізде дағдарыстан лайықты шығудың ғана емес, ел азаматтарының әл-ауқаты мен ел экономикасының өсуін қамтамасыз ететін мүмкіндіктердің бәрі бар. Сонымен бірге жаңа өсімге серпін беретін, ел дамуының жаңа векторына шығатын жағдайымыз бар. Президенттің басшылығымен Парламент және Үкімет дағдарыстан қиналмай шығуға барлық шараны қарастырып отыр. Қаржы саласындағы қатынастарды реттейтін ұлттық заңнамаларымызды әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұруға бейім және нақтылы іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретіндей етіп қабылдау қажеттігін түсіне отырып, Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды ешбір іркіліссіз қабылдады. Сол сияқты бюджет пен ұлттық компаниялардың барлық сатып алулары бірінші кезектегі ретпен отандық өндірістерде орналастырылуы қажеттігін қамтамасыз ететін норма «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілсе, бәсекелестікті қорғауға, тауар нарықтарында еркін бәсекелестіктің дамуы үшін тартымды және ашық жағдайлар жасауға, нарыққа қатысушылар арасында сөз байласу фактілерін болдырмауға бағытталған «Бәсекелестік туралы» жаңа Заң мақұлданды. Соңғы кезде қоғамда әр түрлі пікірдің қалыптасуына себепкер болып келген тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі бойынша, валюталық реттеу және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң жобалары талқыдан өтті. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдау және оларға нақтылы көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыра отырып, қалыптасқан проблемаларды жою үшін «Әлеуметтік қызметтер көрсету туралы» заң жобасы мақұлданды. ? Бұқаралық ақпарат құралдарында ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту қажеттігі жиі көтеріліп келеді. Бұл бағытта қандай заңдар қабылдануда?? 2007 жылдың наурызындағы өткен агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің республикалық кеңесінде Президент Н.Ә.Назарбаев ауылдық жерлерде қалалардан оралған дәрігерлер мен мұғалімдерге әлеуметтік қолдау және ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы мәселені іске асыру жөнінде Үкімет Парламентке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді. Уәкілетті мемлекеттік органның есебі бойынша ауылдық мекендерге мамандардың 2009-2011 жылдарға арналған қосымша қажеттіліктің болжамы 26 мың 364 адамды құрайды. Оның ішінде деңсаулық сақтау мамандары ? 7340 адам, білім беру мамандары ? 13 мың 330 адам, әлеуметтік қорғау мамандары ? 1037 адам, мәдениет мамандары ? 3755 адам, спорт мамандары ? 1222 адам.
Оларды ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге тарту үшін жалпы есеппен 21,5 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражатынан қаржы бөлу көзделген. Әр маманға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу биылдан, яғни, 2009 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері есебінен жүзеге асырылатын болады. Ал еңбекақыға 25 пайыздық үстеме ақы салалық министрліктердің бюджеттік бағдарламаларында қарастырылған. 2010 жылдан бастап тұрғын үйді иеленуге 630 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қаржы көлемінде бюджеттік несие беру туралы норма мақұлданды.Бұдан басқа да әлеуметтік қорғау шараларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы билікке мүмкіндік беретін ұсыныстар қолдау тапты.Ауылдың бүгінгі тіршілігі әлі де көмекке зәру, көптеген мәселелер тиянақты шешімін таппай отыр. Тыңайытқыш пен жанар май, несие мен ауыз су мәселесі көптеген елді мекендерде қиындық туғызып отыр. Депутаттардың тарапынан Үкіметке ауыл шаруашылығын қаржыландыру көздерін, субсидиялау және несиелеу тетіктерін айқындау, жаңа технологияларды енгізу, минералдық тыңайтқыштарды көбейту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу және ауыл шаруашылығының барлық саласын несиелеуге арналған мамандандырылған аграрлық банк құру туралы мәселені қарау ұсынылды. Ал заңнамалық бағытта бүгінгі күні Мәжілісте «Жеке қосалқы шаруашылық туралы», «Биоотын туралы» және жер қатынастары, азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринария, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заң жобалары талқылануда. Байқаған адамға Парламенттің қызметі осындай қарқынмен жүріп жатыр. Биыл Қазақстан халықаралық деңгейде де үлкен бастамаларға қол жеткізбекші. «Қазақ ақпарат агенттігі» арқылы барша Қазақстан жұртшылығын басталған жаңа жылмен құттықтаймын. Жаңа жыл еліміздің абыройын асыратын жыл болсын. Халқымыз ырыс-берекелі бола беруіне тілектеспін. ? Келелі ойларыңызды ортаға салып, қабылданып жатқан заңдар жөнінде толыққанды мағлұмат бергеніңізге көп рақмет. Жаңа басталған жыл депутаттық қызметіңізге абырой әкеле берсін!