Біздегі тарих институттары саясаттанып кеткен - Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры

"Қоғам және мемлекет қайраткерлерінің отырған креслосына қарап бағаламау керек. Олар нақты халқына не берді, не істеді деген бағытта жұмыстарын қарап, еңбегін елеп-ескеріп отырсақ халық үшін бұл тәлім-тәрбие мектебі болар еді. Өйткені өткеніңді білмей, одан сабақ алмай болашағыңды жасай алмайсың", дейді Әбдіжәлел Қошқарұлы. Саясаттанушы ғалымның пайымдауынша, Өзінің отырған креслосы мен, алған айлығы үшін қызмет жасаған адам қайраткер емес. Өзінің қызметін халықтың мақсат-мүддесі мен арман-тілегімен байланыстырып, заманынан озыңқырап, халқының болашағын ойлаған және сол үшін күрескен адамды ғана қайраткер деуге болады. Өкінішке орай біздегі тарих институттары қазір саясаттанып кеткен. Олар кім не істеді деп тарихты елеп-екшеуге бара бермейді.
"Қазаққа қызмет жасағандарды бүгінгі қазақ іздеуі керек емес пе? Мен Мұхемедғали Әленұлы Сужиковтың өмірін бірсыпара зерттедім. Сондағы байқағаным ол халық мүддесі үшін өзі қызмет жасаған кеңестік жүйемен біраз жерде қайшылыққа да барған. Ол Семейдегі сынақ полигоны туралы Алматы мен Мәскеудегі Орталық комитет басшыларына 1959 жылы хат жолдайды. Ал 1960 жылы Теміртау оқиғасы туралы Орталық комитеттің пленумы болғанда ұлттық ерекшеліктерімізді және жеріміздің жағдайын білмейтін кадрларды сырттан алып келуде республиканың саяси бюросы неге бұған парасаттылық жасамайды деп сынға алады. Аса құпия ұсталып келген сынақ полигонның зардабы туралы ең алғашқы боп мәселе көтерген оның бұл "ұлтшылдық" мәлімдемесін Мәскеуден арнайы келген 3 инспектор 3 ай бойы тексереді. Жұмысынан кінәрет таба алмаса да, сынықтан сылтау іздегендер ақыры оны Семей облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы қызметінен босатып тынды. Өкінішке қарай, қыркүйектің 15-інде өмірге келгеніне 100 жыл толған бұл азаматтың өмірі мен қызметінен көпшілік қауым әлі хабарсыз", дейді профессор Әбдіжәлел Бәкір.