10:53, 06 Мамыр 2009 | GMT +5
Біздегі жұмыс күші болашақта елімізде болатын экономикалық өзгерістерге дайын болуы тиіс ? Г.Қарақұсова
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Мемлекет кез келген дағдарыстан экономикалық құрылымын өзгерту арқылы шығады. Бұл үдеріс бізде де жүретін болады.

Сондықтан біздің бүгінгі жұмыс күштеріміз осыған дайын болуы тиіс. Өйткені біз тек сырттан тартылатын жұмыс күшіне ғана сеніп отыра алмаймыз», - деді Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова. Ол кеше «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Өрлеу» экономикалық клубының екінші отырысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Елімізде жұмыс күштерінің мүмкіндіктеріне байланысты мәселені мен бұрын да көтерген болатынмын. Өйткені біздегі жұмыс күшіне қатысты жағдай сол 2003 жылдардың өзінде талапқа сай емес еді. Бізде сол кездің өзінде техник және кәсіби техник мамандары жетіспейтін. Осы мамандарды дайындау жұмыстары да талапқа сай емес еді.
Бұдан шығатын қорытынды, біз қазір тап осындай қарқынмен жүретін болсақ, болашақта елімізде ашылатын кәсіпорындарда немесе мекемелерде қызмет ететін маман таппай қалуымыз мүмкін», - деді депутат. Оның айтуынша, техника саласының мамандарын дайындау, оған қажетті қаржы бөлу мәселесі 2007 жылдан бастап жүзеге асырыла бастауы тиіс болған. «Өкінішке орай біз өзіміздің кеш қалғанымызды енді түсініп отырмыз. Өйткені қазірдің өзінде ірі кәсіпорындар мен зауыттарға еліміздің азаматтарының көпшілігі жұмысқа орналаса алмай жүр. Өйткені онда олардың мамандықтарына сай қызмет жоқ», - деді Г.Қарағұсова. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде орта білімді техник мамандар тапшы. Бұл мәселе экономиканы диверсификациялаудағы маңызды міндеттердің бірі. «Сондықтан оны жеделдетіп шешуіміз қажет. Олай болмаған күнде біз шет елден келетін жұмыс күштеріне қаржы төлеп бос шығынданатын боламыз. Сонымен қатар бізде еңбек өнімділігі еңбекшіге төленетін қаржыдан айтарлықтай төмен. Бұл да қолға алынуы тиіс мәселелердің бірі», - деді халық қалаулысы.