Біздерге мәлім болған орта ғасырларда қазақ даласынан шыққан ғұламалар саны 260-қа жетті - Әбсаттар қажы Дербісәлі

Ру атымен аталған ғалымдар
Қазақ жерінен шыққан ғалымдардың бір тобы тегі ретінде өзінің туған жерін алса, енді бір тобы керісінше өзінің руы мен тайпасының атымен жазылған. Бізде осындай екі дәстүр болған. Енді, мен рулардың аттарымен аталған ғалымдардың бірнешеуіне ғана ғана тоқталайын.
- Мұхамед Хайдар Дулати! Оның «Жаханнама» деген поэмасы, «Тарих-и Рашиди» атты атақты еңбегі бар. Оны менің шәкіртім, менің өтінішіммен парсы тілінен қазақ тіліне аударды. Ол кезінде Тегеран университетін бітірген. Иранның қазағы. Қазір ғылым докторы, профессор. Кітап менің үлкен алғысөзіммен тұңғыш рет 2003 жылы жарық көрді. Ал мына «Жаханаманы» өзім қазақшаладым. Оған 13 жыл уақытым кетті. Бұл шағатай тілінде жазылған екен.
Осындай ғалымдардың арасында Қыпшақилер де бар. Жеті Қыпшақи, екі Жалаири тауыппын! Сіздердің барлықтарыңыз Қадырғали Жалаириді білесіздер. Ал басқасы ше? Хасанәли Жалайыр деген де ақын өткен. Мен бұл деректерді қайдан алдым? Оны Бабырдан алдым. «Бабырнамада» Бабыр былай дейді: «Менің сарайымда Хасанәли Жалайыр тұрады. Өзі жақсы ақын, бірақ анда-санда ішіп қоятыны бар еді», - дейді (күледі). Енді бір қызық нәрсені Жалайыр бауырларымызға айтқанмын. Осы кісінің өлеңдері қазір Санкт-Петербургте жатыр. Бұл кісі Туфайди дегент лақап атпен жазған екен.
Адаилер. Молда Мұхамед Адаи! Мен осыдан 20 жыл бұрын «Молда Мұхамед Адаи кім?» деген мақала жаздым. Ол сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс», қазіргі «Парасат» журналына шықты. Кейін соны Әбіш Кекілбаев ағамыз оқып: «Әбеке, сіз менің атам туралы жазыпсыз ғой», - дегені есімде.
Қоңырати деген атпен шыққан ғұламаларымыз да болған. 17-ші ғасырда Жармұхамед Наймани деген кісі өмір сүрген. Ол хаттад, яғни сарай хатшысы болып қызмет атқарыпты.
Қорыта келе айтар болсам, орта ғасырларда қазақ даласынан шыққан ғұламалардың саны бүгінде 260-қа жетті. Бұлардың барлығы шығармаларын араб және шағатай тілінде жазды. Тек бірен-сараны ғана парсы тілінде жазды. Неге араб тілінде жазғандары да бар. Өйткені, араб тілі - қасиетті Құранның тілі болғандықтан, аталарымыз шығармаларын сол тілде жазды және көпшілігі Дамаскіге кетті. Ол кезде өркениеті дамыған қалалар Дамаск, Каир, Бағдад, Басра, Халаб (қазіргі Алеппо) болды. Міне, аталарымыз осы қалаларда тұрған. Енді осы 260 ғалымның ішінен тек бірнешеуіне ғана тоқталайын...
(жалғасы бар)