Бізді әлемнің 138 мемлекеті қолдағаны маңызды - М.Бәшімов
Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағының 53 елінен қолдау тапқаны ғана емес, бізді жақтап әлемнің 138 мемлекеті дауыс бергені аса маңызды. Біздің ел Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібін жасауға қатыса алады. Бұл мандат біздің әлемдік саясатқа үлкен әсер етуімізге, алдыңғы қатарлы державалармен жиі байланысқа түсуімізге мүмкіндік береді. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері тек вето қою құқығына ғана ие емес. Біздің елдің БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне кіруінің себептерінің бірі - Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ сияқты түрлі халықаралық ұйымдарға төрағалық ету тәжірибесінің болуында. Геосаясат жағдайында біздің ел күшейе түсуде. Кешегі жеңісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбегі бар.
Жер бетінде бейбітшілік орнату мен ядролық қаруды таратпаудың аса маңыздылығын әлемдік қауымдастыққа қарапайым да ұғынықты сөздермен Елбасы түсіндіріп берген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі де бұл шешімге оң әсерін тигізді.
***
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.
Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.
Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.
Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын.
БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.
«ҚР Президенті Н.Назарбаев пен барша қазақстандықтарды Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтаймын. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Бұл - шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл - Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі болып табылады. Осы оқиға орын алуы үшін бір топ қазақстандық дипломаттар, қоғам қайраткерлері өздерінің қомақты үлесін қосты. Дүрбелеңге толы аса күрделі ғаламдық ахуал жағдайында Қазақстанның осындай беделді әрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына кәміл сенеміз!» - дедіҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - бұл Қазақстанның, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы жетістіктерінің белгісі!», - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
«Бүкіл Қазақстан үшін бұл тарихи күн, өйткені біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша ғаламдық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Бүгінгі нәтиже - халықаралық деңгейдегі Қазақстанның және біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының биік беделінің, оның ғаламдық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын куәлігі!» - деді Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі.
«Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы елге деген құрмет пен халықаралық беделінің мойындалуының тағы бір дәлелі, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік істерде белсенді рөл атқаратынын мойындағанының айғағы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық өмірдің барлық саласын қамтитын, әлем мен адамзат тағдырына мемлекеттің терең алаңдаушылығын көрсететін, стратегиялық маңызы бар бірқатар ішкі саяси бастамаларды көтерді. Азиядағы қауіпсіздік мәселелер жиынтығына Президент Назарбаевтың жаңашыл көзқарасы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесте іс жүзінде жүзеге асты; Ядролық қаруды таратпау мәселелеріне принципті және сындарлы көзқарасының арқасында 2015 жылы 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады; Қазақстан Президентінің бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне жол ашты. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы Қазақстанның ШЫҰ төрағалығына тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Қазақстанның сайлануы және Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болуы аймақтық өзекті мәселелерді шешуде ШЫҰ мен БҰҰ бұрынғыдан да тиімдірек бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік береді», - деп атап өттіШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов.
Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болуы - тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз - Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына сайланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында қазақ елі көп еңбектенді. Қарусыздану саясатының эталоны болған Қазақстан мен оның басшысының Семей ядролық полигонын жабуы, ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы халықаралық қоғамдастықта қолдауға ие болды. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, қауіпсіз жаңа əлем мен əділеттілікке негізделген G-Global бастамасы Қазақстанды əлемде саяси сенім қалыптастырушы көшбасшы ретінде танытты. Халықаралық қоғамдастықты ядросыз əлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған ҚР Президентінің «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ-ның ресми құжатына айналды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы - еліміздің халықаралық жоғарғы беделінің айшықты айғағы», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.
.