Біздің балаларымыз бен олардың шат күлкісі - жұмысты жалғастыруға дем береді - «Экомед» клиникасының басшысы Салтанат Байқошқарова

АТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Бұдан бұрын көп айтылып, баспасөзде жарыса жазылған Қазақстандағы демографиялық жағдай тұрақталып келеді – соңғы кезде бала туу өсімі байқалады. Бұл көп жағдайда елімізде 1995 жылдан бастап қолданылып келе жатқан жедел дамып отырған қосымша репродуктивтік технологиялардың арқасында мүмкін болды.
None
None

Қазақстанда бедеулікті емдейтін алғашқы «Экомед» клиникасы ашылған сәттен бастап, 15 жыл бойы көптеген ерлі-зайыпты жұптар бала сүю бақытына ие болды. Емдеудің басқа барлық түрлері тиімсіз болып, экстракорпоральдық ұрықтандыру әдісі арқылы (халықта мұны «шыныда өсіру» деп те атайды) жүкті болу жағдайлары және басқа да көптеген жайлар жөнінде Қазақстан әйелдерінің V форумы және әйелдердің көктем мерекесі - Наурыздың 8-і қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне «Экомед» клиникасының басшысы, биология ғылымдарының кандидаты Салтанат Байқошқарова әңгімелеп берді. Жақында біздің кейіпкеріміз «Хабар» және «Еларна» телеарналарының жаңа жобасы - «Қазақстан әйелі» конкурсында еліміздің ең беделді әйелдерінің арасында жетінші орынға ие болды. Сөйтіп, С.Байқошқарова sms-дауыс беру арқылы 15 мың дауыс жинап, жетінші орынға шықты. Оның алдына оның әріптесі, акушер-гинеколог Нина Қаюпова, еліміздің таңдаулы мектептерінің бірінің директоры, «Қазақстанның Еңбек Ері» Аягүл Миразова, жиырма бала (16 қыз және 4 ұл!) туған ардақты ананы және басқаларды ғана алдына шығарды. С.Байқошқарованың айтуынша, егер ол алғашқы үштіктен орын алған жағдайда да, осынау өмірге талай сәбиді келтірген алтын құрсақ анаға жол берер еді. «Мен тағы бір тамаша әйел - ТМД-дағы жалғыз ұшқыш Тоты Әміроваға орнымды берер едім», - деді ол.

 - Салтанат Берденқызы, Сіз көптеген қазақстандық нәрестенің «кіндік шешешісіз», Сіздің емдеу әдістеріңіздің әсері тамаша, Қазақстандағы экстракорпоральдық ұрықтандырудың жаңа бағыттары туралы айтып берсеңіз?
- Экстракорпоральдық ұрықтандыру (ЭКО) әдісі әлемде 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Сол кезден бері бұл әдіс 2 миллионнан астам сәбидің дүниеге келуіне мүмкіндік берді. ЭКО-ның мәнісі мынадай: аналық безден өсім беретін аналық жасушаны алынып, әйел организмінен тыс жерде ұрықтандырылып, алынған эмбрион арнайы жағдайда өсіріп, белгілі бір мерзімнен кейін әйелдің жатырына салынады. Бұрын бәрі де ЭКО-ның классикалық әдісін қолданып келген болса, бүгінде ол көптеген басқа әдістердің базалық негізі болып қалды. Бұл бағытта медицина алға шығып кетті. Шетелдік әріптестерімізден кейін біз де ИКСИ дегенді қолданатын болдық. Егер бұрын еркектер ұрықтың белсенділігі төмен болуының салдарынан бала туғызуға қабілетсіз болып келсе, енді ИКСИ көмегімен бұны түзетуге болады, яғни, пункциондық биопсия арқылы аталық безден бір ғана ұрықты алып, мәжбүрлі түрде аналық жасушаны ұрықтандыру арқылы бала туғызуға болады.

 - Тұтастай алғанда, бүгінде бедеулік статистикасы қандай және көбіне бұл дертке не себеп болады?

- Өкінішке қарай, бедеулік проблемасы бүгінде біздің елімізде де, әлемде де өзекті болып отыр. 15-20 пайызға жуық отбасы осы проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Бұл санның төмендеу үрдісі әзірше байқалмайды, қайта көбейе түсуі күтілуде. Алайда, бүгінде бедеулікті 97,8 пайыз шамасында жеңіп шығуға болады, біз ЭКО+ИКСИ көмегімен осындай қадамдар жасап жатырмыз. Бізге дәрігерлік кеңеске жүгінгендердің 60 пайызы дерлік ИКСИ көмегіне зәру. Бұл еркектердің бала туғызу қызметі нашарлап бара жатқанын көрсетеді. Жыл өткен сайын еркектің ұрығы әлсіреп барады. Халықаралық конференциялардың бірінде мен жетекші андрологтардың соңғы жеті жылда еркектердің ұрығының белсенділігі 30 пайызға төмендегені туралы пікірін естіп қалдым.

- Бұлай нашарлауының себебі неде, ерлердің белсіздігіне ұялы телефон сәулесінің әсері бар көрінеді деген рас па?

 - Әрине, белсіздікке әсер ететін факторлар жеткілікті. Бұл - қоршаған орта, яғни организміміздің химиялық қалдықтармен ластануы, сапасыз, көбіне біздің қамсыздығымыздан сараптамадан өтпеген тамақтар, тазартылмаған су, өмір салтымыздағы келеңсіздіктер. Әйелдерде - гормоналдық препараттарды қолдану салдары, жастай жыныс қатынасына түсу, түсік жасау (біздің пациенттеріміздің 70-80 пайызы түсік жасаудан кейін дертке ұшырағандар). Әйелдерде - ерте жыныс қатынасына түсу, жұқпалы тері аурулары, қым-қуыт өмір ырғағы да адамдарды дене сергектігі жағынан да, моралдық жағынан да шаршатып, жүйкесін жұқартады. Ал енді шапшаң дамып отырған ғылыми-техникалық прогрестің екінші жағына үңілер болсақ, мен ұялы телефондардың қажет екендігіне қарамастан, зиянды екенін де қадап айтқым келеді. Әлемнің көптеген елдерінде оған тыйым салмақ немесе 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің қолдануына қазірдің өзінде тыйым салынған. Әсіресе оның сәулесі ерлердің репродукциялық (бала туғызу) қызметіне зиянды. Сәуле көзі адамнан бір метр қашықта болуы керек дегенді оқығаным бар. Ал біздің еркектеріміз, ұялы телефонды тап сол... қажетті организм секторына жақын жерде ұстайды.

- Сіз клиниканы 1995 жылы аштыңыз, шыныдан шыққан алғашқы қазақстандық сәби 13-ке толды, сол кезде бастау қиынға түскені рас, ал қазір әлемдік дағдарыс кезіндегі істің жайы қалай? Сіздің қазіргі негізгі пациенттеріңіз кімдер?

 - Кез келген дағдларыс адамдардың денсаулығына әсер етеді, сондықтан да дәрігерге жұмыс табылады. Дегенмен жалпы көзқараспен алғанда, дағдарыс адамдардың ойын-сауықтардан бас тарта тұруына, әсіресе бізде қалып болып кеткен шашыла тойлаудан, қымбат машина алудан үнемдеп, ақшасын денсаулығын түзеуге немесе қандай да бір ауру-сырқаудың алдын алуға жұмсауға үйретеді ғой деп ойлаймын. Жеке медициналық орталықтың басшы ретінде дағдарыс салдары әлі алда деп ойлаймын. Несиелік гүлдену кезеңі аяқталды, бірақ ол ол менің миссиямды - ғылымды дамытуға, адамдарға пайда келтіруге күш-жігерімді жұмсауды тоқтата алмайды. Менің бір емделушім ЭКО-ны үшінше рет пайдалану әрекетінен кейін отбасы егіз сәбилі болды. Оның «Сіз наныңызды ең адал тауып жүргендердің бірісіз, өйткені Сіз бар күшіңізді адамдардың игілігіне жұмсап жүрсіз», дегені бар. Әрине мұның бәріне қаржы керек, кәдімгі кабинетте отырып барлық шаруаны бітіре алмайсың. Заманауи жаңа препараттар, жабдықтар, арнай зертханалар, тіпті арнайы зарарсыздандырылған ыдыс та керек. Мұның бәрі Еуропада шығарылады. Теңге девальвацияланғаннан кейін олардың құны 25 пайызға шұғыл көтеріліп кетті. Біз бірқатар фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, шамалы уақыт олардың құнын бұрынғы деңгейде ұстай тұруға уағдаластық.

 - Бүгінде көптеген әйелдер дағдарыс жағдайында бұдан әрі экономиканың шатқаяқтап, тұрақсызсыздануынан сескеніп, отбасын құруға қауіптенеді, бұл жағдайға Сіз қалай түсініктеме берер едіңіз?
- Біздің әйелдеріміз әртүрлі себеппен бала сүюді кідірте береді, бұл - дағдарыс, мансап сатысымен өрлеу, кейбір кезде өзінің бойы-басын күту. Сөйтіп отбасын құруды кеш бастайды. Бұл енді, бүкіл әлемдегі жалпы үрдіс. Алайда кеңестік кезеңмен салыстырғанда оң үрдістер де байқалады - бала туу көрсеткіші көбейе түсуде. Сондықтан да дағдарыстан қорқатындай дәнеңе жоқ. Дана халқымыз «бір қозы жаралса, бір түп жусан артық бітеді», деген емес пе, сол айтқандай, Алла сәтін салса, әр баланың өз ризығы, несібесі бар. Біздің пациенттеріміз негізінен әйелдер немесе балалы болу проблемасына кезіккен 35-40 жастағы ерлі-зайыптылар жұбы. Олардың бірқатары бақсы-құшнаш, тәуіптерге, халықтық немесе дәстүрлі емес медицинаға сабылып жүріп, ақыр аяғында бізге келеді. ЭКО қолдану үшін көрсеткіштер - аналық жатыр түтігінің зақымдануы немесе бітеліп қалуы, эндометриоз, овуляция болмауы, жасына қарай бедеулік, сондай-ақ тұқым қуалай жолымен берілген генетикалық сырқаттар.

- ЭКО-ның кейде тиімсіз болатын себебі неде, пациент нешінші ретте жүкті бола алады, Сіздің көмегіңізбен дүниеге келген сәбилердің арасында қайсысы көп - ұлдар ма, әлде қыздар ма?


- ЭКО әдісімен емдеудің оң нәтижесі жасы, бедеуліктің ұзақтығы, пациенттердің денсаулық жағдайы, аналық бездердің гармоналдық ықпалға әсері, аналық жасуша мен ұрықтың сапасы, алынған эмбриондардың сапасы мен саны сияқты көптеген факторларға байланысты, оның ішінде жұптардың бұған психологиялық даярлығын да жатқызуға болады. Әр пациенттің дәрілік препараттармен емделудегі қабылдауы әртүрлі, әрбір келесі цикл алдыңғысынан өзгеше екенін есте ұстаған абзал. Сондықтан ЭКО-мен емделуге алғашқы әрекетте нәтиже болмағанмен, келесі жолы жүкті болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Егер 20 жастағы жас жұбайлардың бір циклдағы табиғи жолмен ұрықтану мүмкіндігі 15-20 пайыз болатынын ескеретін болсақ, бүгінде бір етеккірі циклындағы тиімділік 15 пайыздан 40 пайызға дейінгі көрсеткішті құрап отыр, бұл жеткілікті жоғары көрсеткіш, бізде жүкті болғандардың 50-60 пайызы егіздер, тіпті сирек те болса үшем босанып жатқандары да бар. Аналық жасушылар мен эмбриондар неғұрлым көп алынса, солғұрлым жүкті болуы мүмкіндігі көп. Артық эмбриондарды біз тоңазытып қоямыз, оны әйел келесі жолы пайдалана алады. Бізде жеңістер көп, жеңілістердің де ащы дәмін татып жатамыз. Бірақ та біз тастүйін жұмылып, дәрігерлер де, біздің пациенттеріміз де күш қосып қайтадан ұрысқа шығамыз. Бұл - Эвересті бағындырумен бірдей. Ал соңында дүниеге жаңадан нәресте келгенде, олардың шуақты күлкісін көргенде - бұл одан әрі жұмыс істеуге қанат бітіретін ең қымбат сыйлық.

 - Көптеген болашақ ата-ананы жасанды жолмен ЭКО арқылы ұрықтандырған баланың денсаулығы толғандыратын шығар?

- Жүргізілген зерттеулер олардағы патологиялық ауытқулар кәдімгі табиғи жолмен ұрықтанған балалардан аспайды. Бұдан басқа, ЭКО бағдарламасы бойынша имплантация алдындағы генетикалық диагностика көмегімен туған балаларда Дауна синдромы, муковисцидоз, гемофилия, талассемия сияқты және басқа да генетикалық ауытқушылықтарды болдырмауға әбден болады. Ата-аналардың айтуынша, осындай балалар басқаларға қарағанда зерек болып келеді. Тағы бір пробемаға тоқталып өткім келеді. Бізге көбіне басқа гинекологтарда сәтсіз емделген немесе емделуді ақырына дейін жеткізбеген пациенттер келеді. Сонда дәрігер дипломын алып шыққандардың бәрі бірдей, атына заты сай болып шықпағанына көзіміз жетеді. Бедеулікті емдейтін мамандар жоғары білікті болуы, білімге ұмтылып, өздерін қамшылап жетілдіре түсулері тиіс, олардың жаңа жетістіктер, әдістемелер, жасалымдар, жыл сайын жаңадан шығып жатқан жабдықтар туралы ақпараттарды жалықпай іздестіріп, зерделеп отырулары тиіс. Бүгінде медициналық жоғары оқу орындарында 9 жыл оқытылатын көрінеді деп айтылып жүр, меніңше бұдан да көп оқу керек. Мәселен, Израильда жалпы медицинаны оқуға 6 жыл кетеді, 1 жыл - таңдаған мамандықты бағалауға тәжірибеден өтуге бөлінеді, содан кейінгі 6 жыл еңбекті ақтауға жұмсалады. Барлығы - 13 жыл. Бұдан кейін үш емтихан тапсыруың керек, егер құлап қалсаң, тағы да оқып, әлгі емтихандарыңды қайтадан тапсырасың. Сондықтан да израильдық дәрігерлер - әлемдегі ең таңдаулы болып жүр. Ал бізде алты жыл оқып шыққан жас маманның қолынан ештеңе келмейді, оның үстіне шетел тілін нашар біледі. Ал бүгінде медицинада шетел тілін білмей медицинада жұмыс істеу мүмкін емес. Ағылшын тілін білу болашақ дәрігер үшін міндетті шарт болуға тиіс.

- Дәрігергерлер даярлауға батытталған «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі пікіріңіз қандай?


- Бұл - дұрыс шешім. Мен бұл бағдарламаға құрметпен қараймын, өйткені өзім Астанадағы филиалда жұмыс істеу үшін мамандарды таңдай жүріп, жас мамандарды тестілеуден өткіздім. Соның ішінен бір болашағы бар дәрігерді, «Болашақ» түлегін таңдадым. Сонау Қарақалпақстанның шалғай ауылынан қанат қаққан ауыл баласы өзінің білімімен және ұмтылысымен осы бағдарлама бойынша Мәскеудің Сеченов атындағы академиясын бітіріп, сонда біршама жұмыс істеп, бізде қызмет жасауға бел буды. Мен онымен біздің жұмыстың ерекшеліктері - андрология, репродуктология және т.б. жайлы сөйлескенімде, оның терең біліміне және көбірек білсем деген құштарлығына таңғалдым. Мен оның қашан да кітапты қолынан тастамай жүргенін көрдім, сондықтан да оны бізге жұмысқа алдым. Оған өкінген жоқпын: ол өте сауатты және сергек дәрігер болып шықты, пациенттеріміз де риза. Ол - Алмас Ибрагимов.

- Сіз ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесісіз. Сіздің әйелдердің, отбасы мен балалардың мүддесі үшін заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныс жасау ойыңызда бар ма?


- Мен халыққа ЭКО көмегін ұлғайту мәселелерін көтергім келеді. Қазақстанда бүгінде ЭКО көмегімен бала сүйгісі келетін әлеуметтік жағынан қорғалмаған әйелдер бар. Олар үшін бұған - үлкен ақша. Әлемнің көптеген елдерінде біздің репродукция саласына белгілі бір қолдаулар жасалады. Мәселен, Израильда ЭКО көмегімен ең болмағанда 30-40 жүкті болу әрекеті жасалады. Ресейде мұндай бағдарлама екі жылдан бері жұмыс істейді, ондағы ерекшелік - 35 жасқа дейінгі бала тууға мүмкіндігі бар жас әйелдерге жатыр түтігі проблемасына байланысты бедеулікке ұшырағандарға бір-екі әрекет жасауға көмектеседі. Украинада жылына ЭКО-ның 600 циклы тегін жүргізіледі. Қазақстанда жылына мың әйелге мемлекет көмектессе, кем дегенде 200-300 бала дүниеге келер еді. Бұл едәуір жақсы демографилық көрсеткіш деген сөз.

- Салтанат Берденқызы, Сіз үшін өз мамандығыңыздың мәні неде?


- Бұл - менің өмірімнің мәні, осы мамандығым арқылы кез келген әйел үшін ең бастысы - отбасы бүтіндігін сақтап қалу мүмкіндігін жасадым. Жеті жыл бойы өзім де босана алмай жүріп, өзіме де көмектестім, содан кейін жүздеген және мыңдаған әйелге бақыт сыйлау мүмкіндігіне ие болдым. Бүгінде менің екі ұлым өсіп келеді, өз мамандығымды сүйе отырып, кейде бүкіл өмірімді өз балаларыма арнамағаныма өкінемін.

- Әңгімеңізге үлкен рахмет және Сізді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!

Соңғы жаңалықтар