Біздің елде спорттық қоғамдар жеткіліксіз - А. Омарқұлов

АЛМАТЫ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі таңда еліміздегі «Динамо» қоғамының спортшылары республикалық, әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Өткен жылы Бейжіңде өткен жазғы ХХІХ Олимпиада ойындары кезінде де Қазақстан қоржынына түскен 13 медальдің 11-ін динамошылар салды.
None
None
ҚазАқпарат осы «Динамо» денешынықтыру-спорттық қоғамының Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұловпен сұхбатты назарға тартады. ? Асқар Әлирахымұлы, Қазақстандағы «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамының сексен жылдан аса тарихы бар екендігінен хабардармыз. Бүгінде мұнда қандай шаралар жүзеге асуда және қазіргі жай-күйі қандай? - Қазақстанда «Динамо» денешынықтыру спорт қоғамы 1923-1925 жылдары Қазақ пролетарлық ячейкалары негізінде құрылғаны белгілі. Олар алғашқы кезде Алматы, Қызылорда, Өскемен, Семей қалаларында дүниеге келген болатын. Бастапқыда қызыл әскер жауынгерлерін, кейін ВЧКА дейді ғой, КГБ қызметкерлерінің дене тәрбиесі даярлығын шыңдайтын орыннан өсе келе бүгінгі жағдайға жетті. Қазіргі уақытта «Динамо» спорт қоғамының 14 облыстық, төрт қалалық филиалы бар. Мүшелерінің саны 70 мыңнан асады. «Динамо» спорт қоғамы бүгінде құқық қорғау қызметкерлерінің денешынықтыру және дене тәрбиесі мәселесімен айналысады. Тарата айтар болсақ, ІІМ, ҰҚК және басқа да құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері «Динамо» жалауы астында дене тәрбиесі даярлығынан өтуді дәстүрге айналдырған. Олар мұнда спорттың 25 түрі бойынша жаттығу жасайды, оның 19-ы жазғы, 6-сы қысқы спорт түрлері. Қысқы спорт түрлерi бұрын бесеу болса, бүгінде допты хоккей (бенди) қосылды. Қазір Оралда «Динамо-Ақжайық» деп аталатын допты хоккей командасы бар. Бүгінде 14 хоккейшіні ішкі әскер қызметкерлерінің қатарына алдық. Олар «Динамо-Ақжайық» командасының сапында Қазақстан мен Ресей чемпионатына қатысады. Бұл команда ел чемпионатында ғана емес, Ресей біріншілігінде де алдыңғы орында келеді. - Бұрын «Динамо» спорт қоғамы мен «Динамо» допты хоккей командасын бір-бірінсіз көзге елестету мүмкін емес сияқты көрінетін. Осындай игілікті шараны қайта жандандыру ізгілікті іс екен. Команданы қайтадан қалпына келтіру оңай болмаған шығар? ? Оныңыз рас, «Динамо» спорт қоғамының атын шығарған допты хоккей болды. Бұрын еліміздегі «Динамо» хоккейшілері көпшілікке белгілі Еуропа және бірнеше дүркін КСРО чемпионы атанды. Допты хоккейден Қазақстанның құрама командасы әлем бойынша 3-4 орында тұр. 2011 жылы бізде қысқы Азия ойындары өтетінін белгілі. 2014 жылы Ресейдің Сочиіндегі қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына допты хоккей енгізілмек. Егер ол жүзеге асатын болса, еліміз спорттың бұл түрінен жүлделі орындардың біріне ие болады деген сенім мол.? Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларыңыздан хабардар ете кетсеңіз? ? Алда әрине жүзеге асыратын шаруа көп. Нақты жоспарлар да жасалған. Мысалы, Қазақстан Республикасының допты хоккей федерациясының президенті Мұхтар Жәкішев ендігі жылдан бастап «ҚазАтомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Астанада мұз айдыны сарайын салатындығын айтып отыр. Ал Азия конфедерациясының төрағасы Ғани Қасымовтың сөзіне қарағанда, 2010 жылдан бастап «Динамо-Ақжайық» командасының Оралдағы стадионын қайта жөндеуге 750 миллион теңге бөлінбек. Сондай-ақ, хоккейден мамандандырылған балалар спорт мектебін жандандыруға 20 миллион теңге бөлінетін болды. 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтуіне орай, Астана мен Алматы қалаларында болатын бұл дүбірлі сайысқа біз де өз үлесімізді қосамыз. Ұлттық құрамада өнер көрсетін спортшылардың 60-70 пайызы динамошылар. Олардың әрқайсысы жеке бағдарлама бойынша дайындық жасауда. Жалпы, «Динамо» спорт қоғамында спортшылар қазір қысқы спорттың 6 түрі бойынша дайындалады. Олар ? шорт трек, шаңғы жарысы, биатлон, хоккей, конькимен сырғанау және допты хоккей. Бұрын спортты насихаттауға үкімет тарапынан да қоғамдық ұйымдар тарапынан да көп көңіл бөлінетін. Бүгінде ол өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл «Қазақстан» телеарнасында балаларға арналған «Жеті батыр» мәдени-танымдық спорт хабарын ашуды жоспарлап отырмыз. Оның барысында балаларды арқан тарту, асық ойнау деген сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша іріктеп, үлкен спортқа шығармақпыз.? «Динамо» спорт қоғамының тәрбиеленушілері ел чемпионатында ғана емес, әлем біріншіліктері мен олимпиада ойындарында да ел намысын абыроймен қорғап жүргенін спорт сүйер қауым жақсы біледі. Өзге спорт қоғамдары өкілдерінің де осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне не кедергі болып отыр деп ойлайсыз? ? «Динамо» спорт қоғамы кеңес одағы кезінде де спорт қоғамдарының ішінде ең беделділердің бірі болды. Чемпиондар ұстаханасы атанған «Динамодан» спортшылар ғана емес, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін спорт қоғамдары тарап, олардың спорттық базалары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Мәселен «Буревестник», «Қайрат», «Уражай» сияқты спорт қоғамдары жайында бүгінде жастар білмеуі де мүмкін. Қазір олардың арасынан елімізде тек екі спорт қоғамы ғана қалды. Ол «Динамо» мен армияшылардың орталық спорт клубы (ЦСКА). Егер соңғы он сегіз жылдың ішінде Атланта, Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларындағы жоғары жетістіктерге қол жеткізген спортшылардың аты-жөніне көз жүгіртсеңіз «Динамо» тәрбиеленушілерін көптеп аңғаруға болады. Мәселен, қазақстандықтар Афинада жеңіп алған 8 медальдің жетеуі, ал Бейжің Олимпиадасында ие болған 13 медальдің 11-і біздің динамошылардың еншісіне тиіп отыр. Мұндай жоғары атаққа бұған дейін қысқы Олимпиада ойындарында ЦСКА-дан Владимир Смирнов қана қол жеткізген болатын. Осы арада ЦСКА-ның мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатынын, ал «Динамо» спорт қоғамының өзін-өзі қаржыландыратын, мемлекеттік емес қоғамдық бірлестік екенін айта кеткен жөн. Менің білуімше, ЦСКА-ға үкіметтен жылына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, бізге осы уақытқа дейін бір тиын да берілмеді. Жерінің аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан сияқты мемлекет үшін екі спорт қоғамы аздық ететіні сөзсіз. Ендігі кезекте жаңа спорт қоғамдары ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Іскерлік танытып бір-бірімізді қамшылап отырмасақ, жұмыс қарқынын арттыру қиынға түсетіні сөзсіз. ? «Динамо» спорт қоғамының биіктен көрінуін қандай жұмыстармен байланыстырар едіңіз? ? Ең алдымен ұзақ жылдар бойы атқарылған зор еңбек пен төгілген маңдай тердің арқасында «Динамоның» мәртебелі брендін» қалыптастырдық. Оған «Динамода» құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыруы да зор ықпал етті. Әр жеткіншек бала кезінде милиционер, шекарашы болуды арман етеді емес пе? Бізде 1936 жылы «Жас динамошылардың» үлкен қозғалысы басталды. Олимпиада чемпиондарының көпішілігі «Жас динамошы» шекпенінен шыққандар. Қазіргі кезде өткен ғасырдың аяғында жұмысы тоқтап қалған осы қозғалысты қайта жандандырудамыз. Былтырдан бастап «Жас динамошылар» арасында жарыстар өткізе бастадық. Оған отбасылық жағдайы төмен, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан, сондай-ақ есірткіге әуестеніп құзырлы мекемелерде тіркеуге алынған жасөспірімдер де тартылуда. Қазіргі таңда жер-жердегі өз филиалдарымызда түрлі секциялар ашылуда. Мәселен, Алматыда қоян-қолтық ұрыстан (екі), мәнерлеп сырғанаудан, таэквондодан спорт секциялары бар. Ал таэквондо cекциясы тәрбиеленушілерінің арасында Қазақстан мен Корея чемпионаттарында, түрлі халықаралық жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанып жүргендер өте көп. «Динамо» спорт қоғамының спорт секцияларында патриоттық тәлім-тәрбие алған бұл жастар кәмелетке толғаннан кейін азаматтық борышын өтеуге сұранып, түрлі әскери оқу-орындарына да қабылданып жатады. Біз оларды әскерден келгеннен кейін де өз қарамағымызға алып, спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерін спорттық штаттық командаға қабылдаймыз. Қазіргі таңда ішкі әскерде және шекара әскерлерінде екі команда бар. Мысалы, осы команда құрамында ел намысын қорғап, есімдері бүгінгі таңда әлемге әйгілі болған Ермахан Ыбраиымов ? полиция майоры, ал Ольга Шишигина ? шекара қызметі майоры деген әскери шенге қол жеткізіп отыр. ? Кезінде «Динамо» аясында көптеген спорт мектептері болды емес пе, олардың бүгінгі жай-күйі қандай? ? Иә, кеңестік кезеңде көптеген спорт мектептері болды. Мысалы, бір ғана Алматының өзінде жеңіл атлетика, конькимен жүгіру, бокс және тағы басқа да спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған бес-алты мектеп жұмыс істеді. Ол тұста бұл мектептер Білім министрлігінің қарамағында болса, кейіннен Спорт министрлігіне өтіп, қатары бірітіндеп сирей бастады. Бүгінде мұндай спорт мектептерін қайта жандандыру біздің қолымыздан келмейді. Бұл қомақты қаржыны қажет ететін жұмыс. Әзірге санаулы спорт түрлерінен спорт секцияларын ашып, қолда бар қаржымызды сол бағытқа жұмсаудамыз. Құқық қорау органдары болған соң олар негізінен самбо, қоян қолтық ұрыс, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлері қамтылған. Мысалы, Өскеменде фристаил деген спорт түрі бойынша спортшыларымыз Еуропада 1-2 орындарға ие болып, Олимпиадаға үміткер болып отыр. Сондықтан онда фристайлдан, Жамбыл мен Шымкентте бокстан, Алматыда бокс пен нысана көздеуден бапкер, ставка беріп, жаттықтырушылар санын көбейтудеміз. Олар балаларды өздері жинап, жаңадан секциялар құруда. Сол жерден талантты жастарды кейін біртіндеп спорт мектептеріне беріп отырамыз. Бізде жұмыс жасайтын 80-нен астам бапкердің былтыр 12-сі ғана штаттық ставкада болды. Биыл штатқа тұрып, жалақы алатын жаттықтырушылардың санын тағы 20 адамға ұлғайттық. Ал өзге бапкерлер қоғамдық негізде жұмыс жасауда. ? «Динамо» спорт қоғамының секцияларында тәлім-тәрбие алатын балаларға қанда жеңілдік жасалған? ? Бізде балалардың барлығы тегін жаттығады. Өйткені, жоғарыда айтып өткендей балалар үйлері мен отбасылық жағдайы төмен, тәрбиесі қиын, есірткіге әуестеніп, арнайы тіркеуге алынған балалармен жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда біз Алматыдағы №1 қалалық және №1 облыстық балалар үйлерін өз қамқорлығымызға алып, көмек көрсетудеміз. Сондай-ақ балаларды қорғау күніне орай, өткен жылы маусым айында республикалық деңгейде «Динамо» ? Қазақстан балаларына» атты акция өткіздік. Оған 7 мыңнан астам бала қатысты. Бұл шара бүгінде дәстүрге айналған. Биыл оның ақтық ойындары Астанада, не Алматыда өткізілмекші.Олимпиада жылы болғандықтан, былтыр командада өнер көрсететін спортшыларды 200 мың теңге көлеміндегі киімдермен қамтамасыз еттік. Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсанның 10-ы күні «Жаса Қазақстан!» деген атпен Бейжің Олимпиадасының динамошыларын марапаттау рәсімін өкіздік. Осы марапаттау барысында 11 динамошы жеңімпазға, жаттықтырушыларға арнайы сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді. Бүгінде еліміздің құқық қорғау құрылымдарында еңбек ететін спортшыларымыздың әскери шені жоғарылады. Ал «Астана финанс» АҚ бірінші орын алғандарға отыз мың доллардан, ал өзге жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етті. ? Соңғы кезде бұрынғы кеңестік республикалардың кейбірі Динамо қозғалысын қайта жаңғыртып, халықаралық жарыстар өткізе бастады. Бұл туралы оқырманға кеңірек мағлұмат бере кетсеңіз? ? Оныңыз рас, Болгария, Украина, Беларус елдері КСРО кезінде «Динамо» спорт қоғамы болған барлық елдерге үндеу жасап, Үйлестіру кеңесін құрды. Ал былтыр Уфа қаласында Кеңестің мәжілісі өтті. Оған ТМД мемлекеттері мен Болгария және Румыния республикалары қосылды. Бұл мәжілісте «Динамоны» жандандыру, өзара қарым-қатынасты дамыту және тағы басқа да көптеген мәселелер қаралды. Бұл жиын кезінде бокстан жарыс өтті. Оған бізден жиырма жасқа дейін он бір боксшы барып, бір алтын, үш күміс, үш қола медаль жеңіп алды. Биыл үйлестіру кеңесі Украина «Динамо» қоғамының 85 жылдығына орай сол елде өтеді. Оның барысында волейбол, самбо және бокстан жарыстар өткізілмек. Ал 2010 жылы біз бұл басқосуды Қазақстанда, Астана немесе Алматы қалаларының бірінде өткізуге ұсыныс жасап отырмыз. Жалпы Ресейде қазіргі таңда динамошылар саны миллионнан асады. Мемлекеттік думаның вице-спикері Светлана Журова төрағаның орынбасары болып жұмыс істейді. Біз де былтыр Президиумды қайта жандандырып, оған барлық құқық қорғау органдары төрағаларының орынбасарларын мүше етіп сайладық. -Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз жемісті болсын!
Соңғы жаңалықтар