13:09, 01 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Біздің ғалымдарымыз тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосып келеді - Нұрсұлтан Назарбаев
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының форумында ҚР Президенті 3 ғалымға мемлекеттік наградаларды өз қолымен табыс етті.

"Бүгінгі басқосуда тәуелсіздік жылдары ғылымда қол жеткізген біраз жетістіктерді қорытындыладық. Әрине, бір жиналыста оның бәрін айтып бітіру мүмкін емес. Сондықтан бүгін менің Жарлығым бойынша бір топ ғалымдар еліміздің жоғары наградаларына ие болды. Үшеуін ғана тапсырайын. Басқалары Тәуелсіздік қарсаңында шығатын Жарлықтар бойынша тапсырылатын болады", - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі, сондай-ақ Қазақстан ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін академик Нағима Әбенқызы Айтқожина мен ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов 3-дәрежелі Барыс орденімен марапатталды. Ал Математика иститутының бас ғылыми қызметкері Иван Тимофеевич Пак "Құрмет"орденін иеленді.