«Біздің ортақ үйіміз» атты республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды
Аталған конкурстың басты мақсаты балаларды қоғам өмірі мен елде болып жатқан маңызды оқиғаларға араластыру, республикалық шығармашылық жобаларға қатыстыру арқылы адамгершілік, рухани, патриоттық тәрбие беру болып табылады.
Конкурсқа жалпы орта білім беретін мектептердің, қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері, республиканың балалар мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.
Қазіргі танда Республикалық конкурстың қорытындысы шығарылып, оның жеңімпаздары анықталды. «Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан» атты балалар суреттерінің альбомы дайындалды.
2011 жылғы 28 мен 30 қараша аралығында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан» балалардың суреттері көрмесі өтеді.
Көрмеде еліміздің барлық аймақтағы балалардың ең үздік 240 суреттер орналастырылады. Сонымен бірге, ең үздік суреттер Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында «Виртуалды көрме» айдарында орналастырылады.
Көрменің мақсаты - конкурсқа қатысушылар арасында ынтымақтастықты орнатуға және тәжірибе алмасуға жағдай жасау, балалардың шығармашылық бастамасын іске асыру жолдарын кеңейту.
2011 жылғы 30 қарашада Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында депутаттық корпус, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласының білім басқармасы өкілдерінің, ата-аналар қоғамдастығының, ҮЕҰ-ның, «Жас Ұлан» республикалық ұйым мүшелерінің, Астана қаласы оқушыларының қатысуымен «Біздің ортақ үйіміз - Қазақстан» атты республикалық балалардың сурет конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі жоспарлануда. Конкурс жеңімпаздарына дипломдар және естелік сыйлықтар табыс етіледі.