Біздің ұлттық тарихнамамызды қалыптастыру дәстүрі 19 ғасырдың екінші жартысында үзілген болатын - тарихшы Саттар Мәжитов
"Тарих қойнауына үңілген сайын қашан қазақтың тарихы жазылады екен деген ой туады. Біз осы күнге дейін «Қазақстан тарихы» деп келе жатырмыз.
Бізді көшпенділер ретінде көрсеткісі келетіндер бар. Мен ондай көзқараспен толық келіспеймін. «Номад» деген сөздің өзі ағылшын тілінен аударған кезде тұрақты мекені не елі жоқ, ұлттық құндылықтарынан беймәлім халық дегенді білдіреді. Көшпелілік дәстүрлі өмір сүру әдісі. Үлкен мәдениеттік, рухани негізі бар дүние. Көшпенділік пен көшпелілікті шатастыруға болмайды», - дейді тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісінің айтуынша, әр тарихшы ұлт тарихын жазуға өз үлесін қосуда. Бұл жақсы үрдіс. Оларды кейде түсінбей тарихтың кейбір беттері аңызға айналып бара жатыр дейтіндер бар. «Ұлттық тарихнаманың қалыптасуы үшін 20 жыл өте қысқа мерзім. Біздің ұлттық тарихнамамызды қалыптастыру дәстүрі 19 ғасырдың екінші жартысынан бері үзілген болатын.. Біз тарихи жадымызды енді ғана жаңғыртып, қалыптастырып орнына қойып жатқан халықпыз, - дейді Саттар Фазылұлы.