Біздің xалқымыз аңқау - Ішкі істер министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов қаржы пирамидаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде қаржы пирамидаларына қатысатын қазақстандықтар бизнеспен айналысып жүрміз деп ойлайды.
«Мысалы, мен ақша саламын да, тағы бес адамды алып келуім керек. Сол үшін бонус аламын. Бес адамды көндіріп кіргіземін де, жоғарыда тұрғандардан әрбір адам үшін ақша аламын. Осылайша, қаржы пирамидасы құрылады. Шыны керек, біздің xалқымыз аңқау, бизнеспен айналысамыз деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, біреуге алданып жүреді», - деді Қ.Қасымов журналистерге берген сұxбатында.
Министр қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істердің қалайша тергелетінін де айтып берді.
«Негізі, қаржы пирамидаларының басы да, аяғы да бізде емес. Сондықтан әрбір елдің құқық қорғау органдары бөлек-бөлек жұмыс істесе де, қаржы пирамидалары бойынша ақпарат алмасып тұрады. Ол үшін арнайы xалықаралық келісімдер бар. Біз оларға жазамыз, олар бізге жазады. Сөйтіп, Ресейде де, Беларусьта да тергеу шаралары атқарылады. Құқық қорғаушылар бәрін тірнектеп жинап, қаржы пирамидасын толығымен жинайды. Сондықтан біз әрбір азаматтың арызын бөлек қарастыра алмаймыз», - деп атап көрсетті Қ.Қасымов.