«Бізге елді, жерді сүйген қуатты сезім керек» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 30 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында елімізге жақсы мәлім ірі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдинмен арадағы сұхбат жарияланды.

«Президентіміздің жаңа Жолдауымен де ықылас қоя танысып шықтым. Бұған дейінгі Жолдауындағы сияқты бұл құжаттың астарында да аса үлкен мән-мағына, стратегиялық мақсат-міндеттер жатыр, бәрі анық, айқын көрсетілген. Және бір сүйініштісі, Нұрсұлтан Әбішұлы алда тұрған асқаралы міндеттер туралы әңгіме қозғай отырып, олардың шешу жолдарын да көрсетіп береді. Алда сан түрлі қауіп-қатерлер күтіп тұр. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, «Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Осыны бүкіл ел, халық болып ескеруіміз керек. Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Міне, менің айтайын дегенім!» - дейді ғалым. Бұл сұхбат «Академик Жабайхан Әбділдин: «Бізге елді, жерді сүйген қуатты сезім керек» атты тақырыппен жарық көрді.

Бас басылымда «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабектің «Қазақпын дегенің - мұсылманмын дегенің...» деген тақырыппен көлемді мақаласы берілген. «Әлемдік діндер тарихына қарасаңыз, дәстүрсіз дін жоқ, ал сол дәстүріңіз тағы да дінге келіп негізделеді. Бір-бірімен іштей өрілген қос ұғымның бірін-бірі теріске шығару тіптен мүмкін емес. Діннің таралған ареалындағы халықтың салт-дәстүр, жөн-жоралғысын қорытып, жүйелеп, жіктеп беретін верификациялық механизмі өте күшті дамыған әрі ол берік тұғырнамасында жаңа культурологиялық дәстүрлерді қалыптастыруға қабілетті. Қазақ елі ғасырлар бойы ислам дінін өз мәдениетіне сіңіру арқылы осы өркениеттің біте қайнасқан бөлігіне айналды. Демек, қазақ даласындағы ислам мен дәстүр дивергенттік (ажыраушы) емес, конвергенттік (жақындаушы) жолмен қабысып, кем-кетіксіз, толық, жұмыр денеге айналғаны ешқандай дау тудырмайды», - дейді ол.

***

Келер жылы еліміз үшін ерекше оқиғаларға ұласқалы тұр. Әсіресе Қазақ хандығының 550 жылдығына орай зиялылар мен зерттеушілерге зор үміт артылады. Өйткені ұлы мұраты бар ұлттың шығу төркіні, қалыптасқан кезеңі, дәуірлеген тұстары түп-түгел сараланып, тарихи әділдік тұрғысында қайта қаралып, халыққа ұсынылуы қажет, деп жазады «Айқын» газеті « Зерделі зерттеулер көбейді» деген мақаласында.

Басылымның жазуынша, Халықаралық Түркі академиясы өздеріне айрықша жауапкершілікті алып, маңызы ерен мерейтойды Еуропада да атап өтуді жоспарлап отыр.

***

«Біздерде көптеген тауарлар, зат, бұйымдар, өнімдер атауы шетелдік сөзбен айтылады. Солай жазылып та жүр. Жаңа баламалар табуға тырысқанымен, оның өзі де үнемі өзін ақтай бермейді. Қалай десек те, мұндай орындарға арнайы тыйым, шектеу қоятын заңдар қажет. Дүкендер, ірі сауда орталықтары, мейрамханалар атауларының ағылшын тілінде жазылуы да ұлттық тілдің мемлекеттік мәртебесін кемітеді. Неге дейсіз ғой, шетелдіктерді тарту, қызықтыру мақсатында жасалған мұндай ақымақтықты тияр көз жетті. Кез келген дамыған ел өзінің өнімінен бастап, әрбір затын ұлттық тілдегі атауымен шығарады немесе қаладағы мәдени орындарды, сауда, т.б. жайларды ана тілінде ұсынады»,-деп жазады «Ана тілі» газеті соңғы санында. Бұл жайында «Шетелдік сөздерден тіліміз шұбарланып барады...» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар