Бизнес балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық танытуда
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік меншік нысандарын түгендеу мәселесі бойынша баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір әкімдіктермен «Ілкі жоба» ретінде 94 ұйымды кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру келісілді. Жеке меншікке 66 млрд. теңге, оның ішінде бюджеттен мемлекеттік тапсырыс есебінен 28 млрд. теңге жылдық айналымы бар қосымша 105 ұйым өтеді. Аталған нысандар бизнеске тартымды болады. Себебі олардың қызмет түрі нарықта бар. Бұл ауылшаруашылық өнімі, баспа, туризм, спорт, тұрғын үй-коммуналдық, сәулет саласындағы қызметтер», - деді Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, кестеге енгізілген 408 ұйымды қоса алғанда, бизнес 336 млрд. теңге, оның ішінде бюджет есебінен 119 млрд. теңге жылдық табысы бар барлығы 513 ұйымды алады.
Айта кетерлігі, мемлекет меншігіндегі нысандарды бәсекелестік ортаға беру 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезең 2017 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде қалыптастырылатын ең тартымды нысандарды сату болады.
Бірінші кезеңнен кейін мемлекеттік меншікте қалатын 5 991 ұйымның басым көпшілігін әлеуметтік сала ұйымдары құрайды. Олардың жартысына жуығы балабақшалар. Біраз бөлігін жоғары оқу орындары, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары қамтиды. 15 пайызы - театрлар, мұражайлар, мәдениет үйлері, ал 13 пайызы - емханалар мен ауруханалар.
«Қалған ұйымдар - монополиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, ветеринарлық ұйымдар және сол сияқтылар. Көрсетілген салалардың осалдығын ескере отырып, оларды бәсекелестік ортаға беру мәселесін барлық әлеуметтік аспектілерді шешу тұрғысынан тиянақты ойластыру керек. Мысалы, балабақшаларды жекешелендіріп, кейіннен мемлекеттік меншік құрамына қайта аудару бойынша алдыңғы жылдарғы жағымсыз тәжірибе бар. Бұл үшін жоғары оқу орындарын қайта құруды аяқтау, коммерциялау мәселесін шешу қажет»,- деді ол.
Министрдің дерегіне сәйкес, бірінші кезеңде сақталатын 6 мың ұйымның жылдық табысы 1,4 трлн. теңгені, оның ішінде бюджеттен 1 трлн. теңгеге жуық соманы құрайды.
«Алайда сомалары ауқымды болғанымен, бірақ мазмұны бойынша аталған нысандар бизнеспен немесе өндіріспен байланысты емес және мәні бойынша бұл - мәжбүрлі шығыстар: тегін медициналық көмектің кепілді көлемі, жоғары оқу орындарына оқуға берілетін гранттар, балабақшаларды қаржыландыру және тағы басқалары», - деді ол.
Сұлтановтың айтуынша, екінші кезеңдегі ұйымдардың саны 4,5 мың ұйымға қысқарып, 1 393 ұйымды құрайды.
«Екінші кезеңде жаңа ұйымдастырушылық нысаны - бюджет мекемесі енгізілетін болады. Өлшем шарттарын «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері әзірлейтін болады. Ол үшін монополияны реттеу органының кешенді салалық талдауы қажет. Жаңа ұйымдастырушылық нысанның өлшем шарттарына сәйкес келмейтін ұйымдар бәсекелестік нарыққа, оның ішінде Мемлекеттік жеке меншік серіктестікке берілетін болады. Мысалы, бизнес балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық білдірген. Бұны алдымен Астанада және облыс орталықтарында ілкі түрде енгізуге болады», - деді Сұлтанов.